Ұлттық ұлан сержанты әке арманын жүзеге асыру үшін 900 шақырым жүріп өтті

177
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oD0hFideVojbCdIU9RA01AOytbvLE1sna8Ch4QrO.jpg

Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің сержанты Дамир Нағалиев әкесіне берген уәдесін орындау үшін велосипедпен 900 шақырымнан астам жолды жүріп өтті. Бұл сапар – тек спорттық жетістік емес, әке аманатына деген адалдықтың, отбасы құндылығына деген құрметтің және әскери қызметшіге тән табандылықтың жарқын көрінісі.

Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде қызмет ететін сержант  Дамир Нағалиев көптен бері әкесінің арманын жүзеге асыруды мақсат еткен. Әкесі кезінде Жетісайдан Сақанға дейін велосипедпен сапар шегуді армандаған, бірақ орындауға мүмкіндік болмаған.
Осы арманды әке аманаты ретінде қабылдаған әскери қызметші еңбек демалысын толықтай осы мақсатқа арнады. Ол Алматы қаласынан Жетісайға дейін 900 шақырымнан астам қашықтықты сегіз күн ішінде велосипедпен еңсерді. 
- Әкемді райынан қайтарып алдымен бұл жолдың қаншалықты қиын екенін өзім көріп, білгім келді. Сол себепті ең алдымен өзім жүріп өтуді жөн көрдім. Әкемнен рұқсат алып, демалысқа шығар алдында велосипед сатып алдым. 1 шілде күні түнгі сағат 02:00-де ешқандай дайындықсыз жолға шықтым, - дейді Дамир Нағалиев.
Сапар барысында ұландық жауынгер жауын-шашынға, қатты желге және күрделі асуларға қарамастан діттеген жеріне аман-есен жетті. Ең ұзақ күндік жүрісі – 230 шақырымды құраған.
Дамирдің айтуынша, әскери қызметте қалыптасқан тәртіп, төзімділік пен жауапкершілік, сондай-ақ отбасы мен әріптестерінің қолдауы барлық қиындықты еңсеруге күш берген. 
Бұл сапар – тек ұзақ қашықтықты бағындыру емес. Бұл - әке аманатына деген құрметтің, берілген уәдеге адалдықтың және әскери қызметші рухының айқын үлгісі. Осындай өнегелі іс жастарға отансүйгіштік пен отбасылық құндылықтардың маңызын дәріптейді

Comments