АҚШ әскері бірнеше күндік үзілістен кейін Иранға қарсы жаңа соққылар сериясын жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Вашингтон бұл әрекетті Тегеранның өңірдегі америкалық күштерге шабуыл жасау әрекетіне жауап деп атады. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Иорданиядағы америкалық әскери базаға жасаған шабуылынан кейін «өте күшті» соққы берілетінін айтқан болатын.
«29 шілдеде АҚШ-тың шығыс жағалауы уақыты бойынша сағат 20:00-де Америка Құрама Штаттарының Қарулы күштері Иран аумағына соққы жасай бастады. Бұл соққылар – Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери күштерге Иран тарапынан жасалған шабуыл әрекетіне берілген қуатты жауап», – деп жазды АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде.
Сағат 22:00-де «қуатты соққылар сериясы» аяқталғаны хабарланды. CENTCOM мәліметінше, шабуылдар Ислам революциясы сақшылары корпусының ондаған нысанына, соның ішінде басқару орталықтарына, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшыру алаңдарына және жағалау күзеті объектілеріне бағытталған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иранның оңтүстігіндегі бірнеше ауданда жарылыстар естілген. Мемлекеттік телеарна Ахваз қаласында жарылыстар болғанын мәлімдеді. Tasnim агенттігі Кешм аралындағы тұрғын ауданның зымыран соққысына ұшырағанын хабарлады.
Бұл – Трамп өткен жұма күні 13 түн қатарынан жалғасқан өзара шабуылдардан кейін келіссөздерді қайта жандандыруға мүмкіндік беру үшін бомбалауды тоқтатқаннан бергі АҚШ-тың Иранға жасаған алғашқы соққысы.
АҚШ-тың жаңа шабуылдары сейсенбі күні Иранның Иорданиядағы америкалық әскери базаға жасаған шабуылына жауап ретінде жүзеге асырылды. Америкалық әскерилердің мәліметінше, сол кезде ұшырылған барлық ирандық зымыран әуеде жойылған.
Сәрсенбі күні Ақ үйде журналистер алдында сөйлеген Дональд Трамп: «Біз оларға өте күшті соққы береміз, өйткені ендігі кезек біздікі. Олар мұның болатынын біледі. Тіпті бізден мұны жасамауды сұрады. Қашан да бір келісімге келу мүмкіндігі болар. Бірақ біз бәрібір өте күшті соққы жасаймыз», – деді.
