Мешітте жасөспірімді соққыға жыққан ер адам сотталды

133
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dyXURkkt2rKEvPa09aEKcSkCbRvxkywiEy8lqzzL.jpg

Ақтөбе қаласында облыстық «Нұр Ғасыр» орталық мешітінде 15 жастағы оқушыны ұрып-соққан 38 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сот оны 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылдың ақпан айында Рамазан айында кешкі намаздан кейін болған. Үш жасөспірім мешіттен шығарда аяқ киімдерін алып жатқан кезде олардың бірі ер адамның аяқ киімін қолына алып, достарына ұқсас аяқ киім кигенін айтқан. Мұны байқаған аяқ киім иесі жасөспірімге күш қолданып, соққыға жыққан. Оқиға салдарынан 15 жастағы оқушы дене жарақатын алып, миы шайқалған.

Ер адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру және бұзақылық баптары бойынша айып тағылды. Сот отырысында айыпталушы жәбірленушіден кешірім сұрап, отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген. Алайда сот оны орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

 

Comments