Өзбекстан баспанасыз азаматтарды кәсіпке баулымақ

156
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/joG6deaU5ksABeVxy2sP8KJKTrgsCzHtUci9STB3.jpg

Өзбекстан билігі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға қосымша көмек көрсету шараларын әзірледі. Атап айтқанда, баспанасыз адамдарға кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылып, адам саудасынан зардап шеккен әйелдер мен балаларды қорғау күшейтіледі. Бұл бастамалар ел президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шенеуніктердің айтуынша, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру үшін жаңа тәсілдер әзірленген. Қазіргі уақытта республикада жалпы 726 орынға арналған 11 оңалту орталығы жұмыс істейді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында бұл мекемелерге 1,1 мың адам орналастырылған.

Жүйенің тиімділігін арттыру мақсатында аталған мекемелер уақытша орналастыру және әлеуметтік қайта бейімдеу орталықтарына айналдырылады. Баспанасыз азаматтар бұл орталықтарға өз өтініші бойынша, «махалла жетілігінің» зерттеу қорытындысы негізінде немесе әлеуметтік қызметкер мен профилактика инспекторының көмегі арқылы қабылдана алады. Әрбір мұқтаж адам үшін жеке жоспар әзірленіп, оған құжаттарын қалпына келтіру, медициналық көмек көрсету, кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру шаралары енгізіледі.

Орталықтарда жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін бөлімшелер ашылып, бос тұрған ғимараттар жеңілдетілген шарттармен жеке кәсіпкерлерге жалға беріледі. Сондай-ақ баспанасыз адамдар үшін ваучерлік жүйе енгізу жоспарланып отыр. Мұндай құжаттар олардың кәсіп меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар әлеуметтік осал топтар қатарына енгізіліп, арнайы жұмыс орындары резервке қойылады.

Кеңесте адам саудасынан зардап шеккендерге көмек көрсету тетіктерін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап махалла және аудан деңгейіндегі «Инсон» орталықтары арқылы қиын жағдайға тап болған азаматтардың ахуалын бағалау жүйесі енгізіліп, кейін олар тиісті қызметтерге бағытталатын болады.

Бұдан бөлек, Әйелдерді оңалту және бейімдеу республикалық орталығы Әйелдер мен балаларды оңалту республикалық орталығы болып қайта аталады. Қарақалпақстанда, Қашқадария, Самарқанд және Ферғана облыстарында орналасқан бұл мекемелерде адам саудасынан зардап шеккен әйелдер мен олардың кәмелетке толмаған балалары қабылданады. Олар үшін қосымша орындар ашылады.

Салалық ведомстволардың өкілдері балалар саудасы үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ мұндай қылмыс жасаған адамдардың еңбек және сыртқы көші-қон саласында қызмет ету құқығын шектеуді ұсынды.

Президентке мүмкіндігі шектеулі жандарға, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға, сондай-ақ Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысушыларға арналған көлік жеңілдіктерін пайдалану тәртібін жеңілдету жөніндегі бастамалар да таныстырылды. Қазіргі таңда мұндай жеңілдіктерді 48,4 мың азамат пайдалана алады. Өткен жылы олар көлік қызметтерін 1,7 миллион рет қолданған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, азаматтардың 11 санатына тегін жол жүру немесе билет құнының 50 пайызы көлемінде жеңілдік беріледі. Бұл ереже қалааралық тасымалдарға, соның ішінде әуе және теміржол қатынастарына да қолданылады.

Жеңілдікпен билет сатып алу үшін ID-карта немесе биометриялық паспорт көрсету жеткілікті болады. Азаматтың жеңілдік алу құқығы бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тексеріледі.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жеңілдік билеттерін пайдаланушының әлеуметтік картасымен байланыстырылған Baraka мобильді қосымшасы арқылы онлайн сатып алу мүмкіндігі енгізіледі.

Comments