Алматы облысында ауыл балалары арасында республикалық футбол турнирі өтті

281
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uChOmIG5ueAy7gdHwZekgC7Z6ehO7F0SUSHkXSlm.png

3-6 тамыз аралығында Алматы облысында ауыл балалары арасында Halyk Open Cup – 2026 республикалық футбол турнирі өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Жарыс Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының 10 жылдығына орай, #АуылФутбол жобасы аясында ұйымдастырылды.

Турнирге Қазақстанның әр өңіріндегі ауылдардан келген 16 команда қатысты. Жарысқа 200-ден астам жас футболшы мен жаттықтырушы қатысып, командалар топтық кезеңде, плей-оффта және шешуші ойындарда бақ сынады.

Жоба ауылдық жерлердегі балаларға спортпен айналысуға тең мүмкіндік беруді мақсат етеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ауыл командалары үшін жол ақысы, спорттық киім, жабдықтар және жатын орын секілді шығындар турнирлерге қатысуға кедергі келтіруі мүмкін.

Осыған байланысты Halyk қайырымдылық қоры 2023 жылдан бері #АуылФутбол жобасына қолдау көрсетіп келеді. Осы кезеңде 25-тен астам тегін турнир, оның ішінде үш республикалық чемпионат ұйымдастырылған. Командалардың жол шығындары өтеліп, қажетті спорттық жабдықтар берілген.

«Қазақстандық спортшылар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жас ұрпаққа жігер береді. Біз үлкен жеңістер баланың спорттағы алғашқы қадамынан басталатынына сенеміз. Сондықтан дарынды балалардың әлеуетін ашатын жобаларды қолдауды жалғастырамыз. Halyk қорының 10 жылдығын балалармен, бапкерлермен және жасөспірімдер спортын дамытуға үлес қосып жүрген жандармен бірге атап өту – біз үшін үлкен қуаныш», – деді Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Halyk Open Cup – 2026 турнирінің қорытындысы бойынша Алматы облысының «Ақбарыс» командасы чемпион атанды. Күміс жүлдені Алматы облысының тағы бір өкілі – «Алмалы» командасы иеленді.

Атырау облысының «Сағыз» командасы үшінші орынға жайғасса, Жамбыл облысының «Шебер» командасы үздік төрттікті түйіндеді.

Турнир жеңімпазы «Ақбарыс» командасының әр ойыншысына велосипед табысталды. Барлығы 12 велосипед сыйға берілді. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, футбол доптары және жаттығу құралдары табысталды.

Жарыс қорытындысында жеке номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. Үздік қақпашы аталымын «Сағыз» командасының ойыншысы Қанат Еркебұланұлы, үздік қорғаушы атағын «Шебер» командасының мүшесі Нұржан Азаматұлы иеленді.

Ал «Алмалы» командасының ойыншысы Ибрахим Әбидоллаұлы үздік шабуылшы атанды. Турнирдің үздік ойыншысы және «Алтын доп» иегері «Ақбарыс» командасының ойыншысы Абрахим Дүйсенбек болды.

Comments