Қазақстанда балмұздақ өндірісі қарқынды дамып келеді. Тек 2026 жылдың алғашқы бес айында елімізде 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілген. Көш басында Алматы облысы – 23,3 мың тонна, Түркістан облысы – 6,0 мың тонна және Алматы қаласы – 1,3 мың тонна.
Қазақстандықтар осы жазда сүйікті балмұздағын таңдап жүргенде, Түркістан облысындағы «Балмұздақ» ЖШС-нің зауытында (Lengerskoe бренді) 2027 жылға арналған жаңа дәмдер желісін әзірлеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Неліктен жаңа өнімді осыншама ерте жоспарлау қажет және Германиядан келген сарапшылар не үшін Леңгір маңындағы ауылға тұрақты түрде ат басын бұрады? Бұл туралы біздің материалымызда.
Жаңа дәм жасау – ингредиенттерді жай ғана араластыру емес, бір жылдан астам уақытты қажет ететін күрделі технологиялық үдеріс. Өнімнің дәмі мен сапасын мінсіз ету үшін бренд технологтары Еуропада тағылымдамадан өтіп, халықаралық мамандарды тартады және зертханада ондаған сынақ жүргізеді.

Жуырда кәсіпорынға Германиядан компанияның технологиялық серіктестері келді. Кездесудің негізгі тақырыбы – жаңа рецептураларды әзірлеу және соңғы жылдардағы басты бағыттардың бірі – жергілікті шикізатты барынша кеңінен пайдалану.
Зауытта қазірдің өзінде шоколад массасы мен табиғи жидек тосаптарын өндіретін жеке желілер жұмыс істейді. Алайда басты басымдық жергілікті фермерлерден балғын сүт сатып алуға берілген. Бұл өнімнің табиғи құрамын сақтауға әрі өңірдегі ауыл шаруашылығын қолдауға мүмкіндік береді.
«Біз “Балмұздақпен” 14 жылдан бері ынтымақтасып келеміз және осы уақыт ішінде кәсіпорынның қалай өскенін көрдік. Германияда отбасылық бизнес алдағы ондаған жылды, балалардың және өңірдің болашағын ойлап құрылады. “Балмұздақ” та дәл осындай қағидатпен жұмыс істейді. Компанияның жергілікті шикізатты өңдеуге инвестиция салып, тұрғындардан сүт сатып алуы, фермерлікті дамытуы және өнімге қажетті қоспаларды өзі өндіруі өте маңызды. Бұл қолжетімді бағамен мінсіз өнім шығарудың кепілі», – дейді Mirantii GmbH компаниясының басқарушы директоры Питер Петерссон.
Кәсіпорынның алдағы жоспарында балмұздақ түрлерін ғана емес, шоколад кәмпиттерінің ассортиментін де кеңейту бар.

«Сатып алушыны бір-екі жылдан кейін таңғалдыру үшін жұмысты бүгіннен бастау керек. Неміс әріптестеріміздің халықаралық тәжірибесі мен жергілікті шикізатқа басымдық беру – Lengerskoe брендінің негізі. Біз үшін дәмді десерт шығару ғана емес, шаруаларымызды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және туған өлкемізді дамыту да маңызды. Бизнестің шынайы тұрақтылығы – өз еліңмен бірге өсіп, бірге даму», – дейді «Балмұздақ» ЖШС-нің құрылтайшысы Дилафруз Мадиева.
Бүкіл отбасыға ұнайтын дәм әзірлеудің өзі – бөлек өнер. Өйткені әр буынның талғамы әртүрлі. Ересектер арасында классикалық «Ностальгия» пломбирі әлі де басты фаворит. Ал балалар мен жастар жаңа әсер мен ерекше дәм үйлесімдерін іздейді. Олардың арасында экзотикалық жемістер, табиғи құлпынай және шие тосаптары қосылған балмұздақтар сұранысқа ие.
Ал 2027 жылдың құпия дәмі қандай болмақ? Оның нақты рецептурасын технологтар әзірге қатаң құпия ұстап отыр. Әзірлеушілердің ишара еткені біреу ғана: жаңа өнім дәмді әрі хош иісті болмақ.
