Экс-депутат Бақытжан Базарбек жаяу жүргіншіні қағып кетті деген ақпарат тарауда

141
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pJg9B5w2P49pyK1r1rDsuovHQisa8VZi638MXxUO.jpg

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болып, ер адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желіде апатқа бұрынғы депутат Бақытжан Базарбектің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарауда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Жас Алаш басылымына сілтеп.

Алайда полиция жүргізушінің аты-жөнін толық жарияламады.

Полицияның мәліметінше, жол апаты 15 тамыз күні кешкі уақытта болған. Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota RAV4 көлігінің жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен.

Оқиғаға дейін аталған көлік жолда сиырмен соқтығысқан. Кейін бірнеше адам тасжолға шығып, малдың өлексесін жолдан алып тастауға әрекет жасаған. Сол кезде олардың бірін көлік қағып кеткен.

Зардап шеккен ер адам аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның жабық бас-ми жарақатын, миының соғылуын, жабық пневмотораксты, білегінің жабық сынуын және жіліншігінің ашық сынуын анықтаған. Ауруханаға түскен кезде ол бірінші дәрежелі травматикалық шок жағдайында болған. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр.

Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде жол апатына бұрынғы депутат Бақытжан Базарбектің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда полиция жүргізушінің аты-жөнін толық жариялаған жоқ. Ведомство таратқан ресми мәліметте Toyota көлігін «Б. есімді азамат» басқарғаны ғана көрсетілген.

Қазіргі таңда полиция экс-депутат Бақытжан Базарбектің бұл жол апатына қатысы бар екенін ресми түрде растаған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Comments