Фото: Kazinform
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бүгін, 23 тамызда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №129 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды "Адырна".
Аида Балаеваның айтуынша, қазақстандықтар да сайлауға белсенді қатысып жатыр. Бұл таңертеңнен бері жүргізіліп жатқан мониторинг барысында әлеуметтік желілерден де байқалады.
"Жалпы, ақпараттық кеңістікте жоғары белсенділікті көріп отырмыз. Астанада күн райының жаңбырлы болғанына қарамастан, сайлаушылар белсенділік танытуда. Бұл әрбір азаматтың өзінің және еліміздің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Жалпы, біз – бақытты халықпыз, өйткені өз болашағымызды айқындауға мүмкіндігіміз бар. Халықтық Конституция үшін дауыс берген референдум кезінде де осындай ахуалды көрдік. Біз болашаққа көз тігеміз, құндылықтарымыз бен басымдықтарымызды білеміз", – деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, мұндай мүмкіндік қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағының арқасында қалыптасты. Сондықтан елдегі тұрақтылықты бағалап, оны сақтау аса маңызды.
Сонымен қатар Аида Балаева прогрессивті әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталған Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, елдің ортақ мақсаттары төңірегінде бірігуге шақырды.
