Қара теңіздегі шабуыл. Украина елшісі Түркия министрлігіне шақырылды

277
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/rAoiPEU3vwU1ukPumGCkCR5Hfp6eXn3wnfy6ObwJ.webp

Украинаның Түркиядағы елшісі Нариман Джелял Қара теңізде Түркиямен байланысты кемелерге жасалған екі шабуылдан кейін Түркия Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Бұл туралы 29 тамызда Түркия СІМ өкілдері Anadolu және AFP агенттіктеріне айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрлік шабуылдардың сол аптадағы сәрсенбі және бейсенбі күндері болғанын мәлімдеді.

«Кездесу барысында Түркия Қара теңіздегі адамдардың, мүліктің, теңіз қатынасының және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса қажеттігін ескертті», – деп жазды AFP.

Министрліктің журналистерге таратқан мәлімдемесіне сәйкес, түркиялық Lider Bordo Maviконтейнер тасымалдаушы кемесі сәрсенбі күні Ресейдің Қара теңіз жағалауында болған кезде шабуылға ұшыраған. Келесі күні контейнер тасымалдаушы кемені сүйреп әкетуге жіберілген Lider Kocatepe кемесіне де шабуыл жасалған.

Шабуылдар салдарынан зардап шеккендер бар-жоғы нақтыланбады. Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, контейнер тасымалдаушы кеме Түркияның Қара теңіз жағалауындағы Самсун портына сүйреп жеткізілген.

8 тамызда Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Ресей мен Украинаға Қара теңіздегі кемелерге шабуыл жасауға мораторий енгізу жөнінде келісім жасауды ұсынған. Ол кезде Анкара бұл ұсынысты екі тарапқа да жеткізгенін және олардың жауабын күтіп отырғанын мәлімдеген.

Фиданның айтуынша, Түркия Мәскеу мен Киевті Қара теңіздегі шабуылдарды тоқтатуға мүмкіндік беретін арнайы тетік құруға шақырған. Министр мұндай өтінішті бұған дейін Украина тарапы да білдіргенін атап өткен.

Сол кезде Фидан түркиялық компанияларға тиесілі кемелермен қатар, түркиялық иелері немесе Түркия азаматтары бар экипаж мүшелері отырған кемелердің де шабуылға ұшырап жатқанын айтқан.

Сол аптада Түркия СІМ түркиялық компанияларға тиесілі екі кемеге дрондармен жасалған шабуыл салдарынан экипаж мүшелері, оның ішінде Түркия азаматтары жарақат алғанын хабарлады. Ал 4 тамызда Түркияның сыртқы саясат ведомствосы Қара теңіздегі шабуылдар санының артуына байланысты қақтығысқа қатысушы барлық тарапты теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу нақты шаралар қабылдауға шақырған.

Comments