Қырғызстан астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастардың достық, тату көршілік және одақтастық рухында нығайып отырғанын айтты.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады. Ресей президенті сайлау нәтижелері Қазақстанның одан әрі дамуына, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық бағытына халықтың кең қолдауын көрсеткенін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Қазақстандағы конституциялық реформаны жүзеге асыру барысына тоқталды.
«Қазақстанды жаңғырту процесі ұлттық мүдделерге сәйкес жалғасады. Реформа үшін реформа жүргізуге болмайды. Ең алдымен, азаматтарымыздың мүддесіне басымдық беруіміз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың да оң динамикасын атап өтті. Оның айтуынша, Ресей Қазақстанның негізгі инвестициялық және сауда серіктесі болып қала береді.
«Мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз толық табысты өтті. Өзінің сипаты мен мазмұны жағынан бұл сапар тарихи болды. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асырумен айналысып жатыр. Сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өттіңіз. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар», – деді Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Владимир Путин де Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Ресей басшысының мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы өсіп келеді. Сонымен қатар мемлекеттер ірі бірлескен жобалар мен өзекті мәселелер бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Путин гуманитарлық байланыстардың дамуына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Ресейдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 60 мың студент білім алып жатыр. Сондай-ақ Омбыда Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірінің филиалы ашылған.
Кездесу соңында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Quarantine was introduced in one of the villages of Akmola region due to the outbreak of brucellosis
