Қазақстан мен Түркіменстанда ірі метан шығындары жойылды

203
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GxGJNDy2m6AX88dc03RRHpcCxMaRnix83W4o7qCu.jpg

Қазақстан ескірген мұнай-газ нысандарындағы ауқымды метан шығындарын жою жұмыстарына кірісіп, қазірдің өзінде сегіз ағып кету жағдайын жойды. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Соңңғы бір жылда Метан бойынша ескерту және әрекет ету жүйесі (MARS) елімізге қатысты 38 ескертуді тіркеген.

Әлемдегі метан шығарындылары ең көп 50 нысанның қатарына Қазақстаннан бір ғана нысан – магистральдық газ құбырының компрессорлық станциясы енген. Ондағы болжамды шығарындылар көлемі жылына шамамен 29,9 мың тонна метанды құрайды. Қазақстан әзірге осы нысанға қатысты ескертуге жауап бермеген.

Сондай-ай Түркіменстан да алғаш рет сегіз метан шығыны жойылған.  Соңғы бір жылда Түркіменстанға метан шығарындыларына қатысты 192 ескерту жіберілген. Ел аумағында MARS анықтаған әлемдегі ең ірі алты метан шығынының үшеуі және ең ірі 50 жағдайдың тоғызы тіркелген. Ашхабад ескертулердің шамамен 20 пайызына жауап беріп, оқиға орнынан ақпарат пен ақауларды жою жоспарын ұсынған.

Ал ескертулер саны бойынша екінші орында тұрған АҚШ-та (138 хабарлама) соңғы бір жылда метан шығынына жауап беру немесе оны жою фактілері тіркелмеген. Иран, Ресей және Қытай да бірде-бір ескертуге жауап қайтармаған. Ал Мексика, Бразилия және Аргентина 100 пайыздық әрекет ету деңгейін көрсеткен.

MARS жүйесі жасанды интеллект көмегімен оннан астам спутниктен алынған деректерді талдап, ықтимал метан шығындарын анықтайды. Кейін бұл мәліметтер екі деңгейлі сараптамадан өтеді. Расталған жағдайлар туралы тиісті үкіметтер мен компанияларға хабарланады. Егер жауапта оқиға орнынан алынған мәліметтер мен ақауды жою ниеті көрсетілсе, ол ресми жауап ретінде тіркеледі. Ал шығынның жойылғаны туралы ақпарат берілген жағдайда, MARS шығарындылар толық тоқтағанын растағанға дейін нысанды бақылауда ұстайды.

Метан – көмірқышқыл газына қарағанда жылуды 80 есе тиімді ұстайтын қуатты парниктік газ. Ол қазіргі жаһандық жылынудың шамамен 25 пайызына себеп болып отыр. «Супер-эмитент» санатына жататын, яғни бір ғана құбырдан немесе желдеткіштен сағатына тонна-тонна газ шығаратын ірі шығындар планетаны миллион жол талғамайтын көліктен немесе тұтас бір көмір электр станциясынан да күшті қыздырады.

2023 жылы Түрікменстан метанның аса ірі шығындары бойынша әлемдік көшбасшы атанғаны хабарланған болатын. Елдегі екі ірі кен орнынан 2022 жылы бөлінген метан шығарындыларының жаһандық жылынуға әсері Ұлыбританияның барлық көміртек шығарындыларынан да жоғары болған. Сарапшылар бұл жағдайды таңғаларлық әрі алаңдатарлық деп бағалаған.

Осыдан кейін Ашхабадта мәселе кең резонанс тудырып, үкімет БҰҰ, Еуроодақ және өзге де серіктестермен ынтымақтастықты күшейткен. 2023 жылдың желтоқсанында Түркіменстан Метан жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылып, 2030 жылға қарай метан шығарындыларын 30 пайызға қысқартуға уағдаласқан.

Қоршаған ортаны қорғау қорының вице-президенті Дэн Гроссманның айтуынша, «мұнай-газ саласындағы метан шығарындыларын қысқарту – бүгінде климаттың ластануын азайтудың ең жылдам әрі ең тиімді тәсілі».

Жалпы алғанда MARS жүйесінің ескертулері нәтижесінде әлем бойынша 43 метан шығыны жойылған. Олардың көбі жедел әрі көп шығынсыз реттелсе, кейбірі мұқият жоспарлау мен қосымша қаржыландыруды қажет еткен.

Comments
Other materials