«Ақ Жайық өңірі көрші елдердегі қандастармен тұрақты байланыс орнатып келеді»

263
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/I4xb9yjBgMfH63J8w1Rs8Hxs5cC2FJlrmYSvuumQ.jpg

 «Атамекен» өнер ордасында «Алтын көпір» халықаралық форумы өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев, құрамында қоғамдық ұйым көшбасшылары, қазақ диаспорасының өкілдері бар Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегациялар, жергілікті тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар, тіл жанашырлары, еңбек ардагерлері және жастар қатысты.

Аймақ басшысы «Алтын көпір» фестивалі атына заты сай, шетелде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерін тарихи Отанымен байланыстыратын, туған тіліміз бен ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен қастерлі құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратын тағылымға толы, рухани көпір екенін атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған Халықтық Конституцияның преамбуласы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы...» деген сөздерден басталады. Біз байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихын сақтап, болашаққа бірге нық қадам басамыз. Осындай бай шежірелі Қазақстан – әлемнің қай түкпірінде өмір сүріп жатса да, әрбір қазақ үшін әрдайым тарихи Отаныболып қала береді. Дәстүрлі фестивальдің негізгі мақсаты да – жырақта жүрген қандастарымызбен тұрақты байланыс орнату, ортақ құндылықтарымызды дәріптеу, - деді Нариман Төреғалиев.

Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 5 бірдей аймағымен шектесіп жатыр. Өңіраралық ынтымақтастық оң жолға қойылған. Аймақ басшысы көрші елдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен, қоғамдық ұйымдармен кездесу игі дәстүрге айналғанын тілге тиек етті.

- Жуырда Орынбор облысына жасаған жұмыс сапарында «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бірлестігі мүшелерімен кездесіп, тыныс-тірлігімен таныстым. Қандастарымыз құрған ұйым ұлттық салт-дәстүр мен төл тарихты танып-білу, насихаттау жолында жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Түптеп келгенде, арақашықтық ұлттық болмысты сақтауға кедергі болмауы тиіс. Тату көршілікке негізделген саясат ұстанған Мемлекеттер басшылары да бұған ерекше мән беріп келеді, - деді облыс әкімі.

Форумда  төл тарихты түгендеу, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған ұтымды ұсыныстар мен парасатты пікірлер айтылды.

 

Comments
Other materials