Нью-Делиде өткен БРИКС плюс саммитінде Президент жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту және көпжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БРИКС елдерімен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, транзиттік әлеуетті арттыру, аса маңызды минералдарды өңдеу және жасанды интеллект саласындағы серіктестікті күшейту жөніндегі бастамаларын ұсынды. Бұл бағыттар Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа нарықтар мен инвестиция тартуға жол ашуы мүмкін.
Мемлекет басшысының БРИКС плюс алаңында көтерген бастамаларының саяси және экономикалық маңызын политолог Сүйінбай Сүйіндіков бағалады.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде жаһандық тұрақтылық пен мемлекеттер арасындағы сенімді қалпына келтіру мәселесіне ерекше мән берді. Қазақстанның осы ұстанымы қазіргі геосаяси жағдайда еліміздің сыртқы саясаттағы рөлін қалай күшейтіп отыр?
- Меніңше, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның басты артықшылығы – қандай да бір геосаяси текетіреске қосылмай, диалог пен өзара сенімге негізделген конструктивті позиция ұстануы.
Қазақстанның сыртқы саясатының ерекшелігі – ірі державалар арасындағы қайшылықтарды тереңдетуге емес, керісінше, мемлекеттер арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа жағдай жасауға бағытталуы. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, елімізді Еуразиядағы диалог алаңдарының бірі ретінде орнықтырады.
Бүгінде Қазақстан ШЫҰ, БРИКС, Түркі мемлекеттері ұйымы, БҰҰ сияқты әртүрлі көпжақты форматтарда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, Қазақстан 2025 жылдан бастап БРИКС-тің серіктес мемлекеті ретінде ұйымның экономикалық, технологиялық және тұрақты даму күн тәртібіне қатысып отыр.
Сондықтан Президенттің сенім мен жаһандық тұрақтылыққа басымдық беруі – Қазақстанның «орта державаның» дипломатиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану стратегиясына сәйкес келеді.
- Мемлекет басшысы БРИКС елдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға басымдық беріп, өнеркәсіп, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттарын атады. Бұл тәсіл Қазақстан экономикасына қандай жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін?
- Бұл жерде ең маңызды мәселе – Қазақстанның шикізат экспорттаушы ел ретіндегі позициясынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруші мемлекетке біртіндеп өтуі.
БРИКС елдерінің нарығы өте ауқымды. Сондықтан Қазақстан үшін өнеркәсіп, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу сияқты бағыттарда бірлескен кәсіпорындар құру үлкен мүмкіндік береді.
Мысалы, Қазақстан үшін тек мұнай немесе уран экспорттау жеткіліксіз. Біз уранды өндірумен қатар, ядролық-энергетикалық технологиялар тізбегіне, мыс пен басқа да маңызды минералдарды өңдеуге, ал ауыл шаруашылығында астықты ғана емес, дайын азық-түлік өнімдерін экспорттауға көбірек мән беруіміз қажет.
Яғни БРИКС-пен ынтымақтастықтың негізгі мақсаты экспорт көлемін ғана арттыру емес, экспорттың сапасын өзгерту болуы тиіс.
- Қазақстанның БРИКС елдерімен тауар айналымы былтыр 72 миллиард долларға жуықтаған. Осы көрсеткішті ескере отырып, Президенттің БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұстанымын Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру тұрғысынан қалай бағалайсыз?
- Бұл бағытта үлкен әлеует бар. Бірақ мұнда бір статистикалық нақтылауды атап өткен жөн: 72,6 млрд доллар – Қазақстанның 2025 жылы ШЫҰ елдерімен болған тауар айналымы. Оның ішінде экспорт 30,7 млрд, импорт 41,8 млрд долларды құрады. Негізгі серіктестер – Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан.
Бұл көрсеткіш Қазақстанның Еуразиялық нарықтармен экономикалық байланысының ауқымын көрсетеді.
БРИКС бағыты осы мүмкіндікті одан әрі кеңейтуі мүмкін. Әсіресе Үндістан, Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы сияқты нарықтар Қазақстан экспорты үшін жаңа мүмкіндіктер береді.
Меніңше, негізгі міндет – «бір нарыққа – бір тауар» моделінен бас тарту.
Қазақстан бір мезетте ауыл шаруашылығы өнімдерін, мұнай-химия өнімдерін, металлургия өнімдерін, сирек және маңызды минералдарды, цифрлық қызметтерді және дайын өнеркәсіптік өнімдерді экспорттай алуы керек.
Сонда БРИКС Қазақстан үшін жай ғана жаңа сауда бағыты емес, экспортты әртараптандырудың стратегиялық құралына айналады.
- Президент Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік әлеуетін БРИКС елдерімен ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде көрсетті. Транзит көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізу мақсаты мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту Қазақстанның өңірлік логистикадағы позициясына қалай әсер етеді?
- Қазақстанның ең үлкен геоэкономикалық артықшылықтарының бірі – оның Еуропа мен Азияның арасында орналасуы.
Сондықтан транзит – біз үшін жай ғана көлік саласы емес, ұлттық экономиканың стратегиялық бағыты.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту Қазақстанға Қытай–Орталық Азия–Каспий–Кавказ–Еуропа бағытындағы сауда ағындарын тартуға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстан теміржол, автожол, порт және шекара инфрақұрылымын жаңғыртып жатыр. Президент те Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыруды жүйелі түрде көтеріп келеді. Мәселен, соңғы жылдары автомобиль транзиттік жүк тасымалы екі есеге өсіп, 6 млн тоннаға жеткені айтылды.
100 млн тоннаға дейінгі мақсатқа қол жеткізу Қазақстанды Еуразиядағы ірі логистикалық хабтардың біріне айналдыра алады.
Бірақ мұнда бір маңызды шарт бар: біз тек транзиттік ел болып қалмауымыз керек. Қазақстан аумағында логистикалық орталықтар, қоймалар, өңдеу кәсіпорындары, сервистік және цифрлық платформалар дамуы қажет.
Яғни жүк Қазақстан арқылы жай ғана өтіп кетпей, оның белгілі бір экономикалық құны Қазақстан аумағында қалыптасуы керек.
- Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС плюс аясында жасанды интеллект саласындағы серіктестікті іске қосуды, ұлттық ЖИ орталықтарын, зертханалар мен ғылыми жобаларды біріктіруді ұсынды. Бұл бастама Қазақстанның технологиялық және цифрлық дамуындағы Президент белгілеген стратегиялық бағыттың тиімділігін қаншалықты арттыра алады?
- Мен бұл ұсынысты стратегиялық тұрғыдан өте маңызды деп санаймын.
Бүгінде жасанды интеллект – тек IT саласының мәселесі емес. Ол экономиканың өнімділігіне, мемлекеттік басқаруға, білімге, медицинаға, өнеркәсіпке және қауіпсіздікке тікелей ықпал ететін факторға айналды.
Қазақстанның бұл бағытта өзінің тәжірибесі қалыптасып келеді. Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, суперкомпьютерлер іске қосылды, жасанды интеллект саласын реттейтін заңнамалық база қалыптасты.
Сондықтан Қазақстан БРИКС Plus аясында тек технология тұтынушысы ретінде емес, өңірлік технологиялық серіктес ретінде әрекет ете алады.
Мысалы, ұлттық AI орталықтарын байланыстыру, бірлескен ғылыми зертханалар құру, деректермен алмасу стандарттарын әзірлеу, AI мамандарын бірлесіп даярлау және мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолдану бойынша тәжірибе алмасу – нақты нәтижелер беретін бағыттар.
Меніңше, Қазақстанның негізгі мақсаты – «цифрландырылған мемлекеттен» «технология өндіретін мемлекетке» өту болуы керек.
- Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі ұстанымдарын егемендік, мүдделер теңгерімі және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлық жүйемен байланыстырды. Осы ұстаным Қазақстанға бір мезетте ірі державалармен сындарлы диалог жүргізіп, экономикалық мүдделерін ілгерілетуге қандай мүмкіндік береді?
- Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатының ең маңызды ерекшеліктерінің бірі.
Қазақстан үшін көпполярлық – бір державаны екіншісіне қарсы қою емес. Керісінше, әртүрлі геосаяси орталықтармен өзара тиімді қарым-қатынас орнату.
Қазақстан Ресеймен – стратегиялық серіктестік, Қытаймен – жан-жақты ынтымақтастық, Орталық Азия елдерімен – өңірлік интеграция, Еуропалық Одақпен – инвестициялық және технологиялық байланыстар, Түркиямен – саяси және мәдени-экономикалық әріптестік бағыттарын қатар дамытып келеді.
Бұл жерде көпвекторлы саясаттың мәні өте айқын: Қазақстан ешкімнің геосаяси таңдауын қайталамайды, өзінің ұлттық мүддесіне сәйкес шешім қабылдайды.
Меніңше, қазіргі халықаралық жағдайда Қазақстан үшін ең тиімді стратегия – «теңгерімді көпполярлық».
Яғни бір жағынан – ұлттық егемендік пен қауіпсіздікті сақтау, екінші жағынан – экономикалық серіктестердің шеңберін кеңейту.
Бұл Қазақстанға геосаяси тәуекелдерді азайтып, жаңа инвестиция, технология, нарық және көлік дәліздерін тартуға мүмкіндік береді.
Сондықтан Президенттің «егемендік – мүдделер теңгерімі – ортақ жауапкершілік» қағидаттары Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясын сипаттайтын маңызды үштаған деп есептеймін.
Бүгінгі жағдайда Қазақстанның басты капиталы – оның географиясы ғана емес, әртүрлі тараптармен диалог жүргізе алатын дипломатиялық қабілеті. Егер осы артықшылық экономикалық прагматизммен ұштасса, Қазақстан Еуразиядағы байланыстырушы мемлекет ретіндегі рөлін одан әрі күшейте алады.
