Қазақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар «Ақиқат» журналының жарық көргеніне 105 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна".
Басылымның алғашқы саны 1921 жылғы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында «Қызыл Қазақстан» атауымен жарық көрген.
Журналдың алғашқы нөмірі төте жазумен басылып, жалпы көлемі 43 бетті құраған. Онда сол кезеңдегі қоғам үшін өзекті мәселелер қамтылған.
Алғашқы нөмірде қалың мал мен құн төлеуге қатысты декрет жарияланған. Құжатқа Әлібеков пен Бөкейханов қол қойған. Сондай-ақ Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысы басылып, оған Кіндік комитеттің бастығы Меңдешов қол қойған.
Басылымда Қазақстандағы қоғамдық-саяси мәселелермен қатар, шетел жаңалықтарына да орын берілген. Атап айтқанда, Қытай, Корея, Швейцария, Ауғанстан және Италиядағы жағдай туралы ақпараттар жарияланған
Зерттеушілердің мәліметінше, журналдың алғашқы нөмірлеріндегі көптеген мақаланың авторы көрсетілмеген. Кейбір материалдар «Степная правда» газетінен аударылып басылған. Сонымен бірге өткен ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық жағдай, үгіт-насихат жұмыстары және жаңа биліктің саясаты туралы материалдар жарық көрген.
Журналда кедейлер мен шаруаларға қатысты мемлекеттік саясат, жаңа өкімет тұсындағы сайлау құқығы және осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары сөз болған.
Басылымның құрылымы «Басқармадан» атты кіріспе бөлімнен басталып, кейін саяси, экономикалық, жастар мәселелеріне арналған бөлімдерге бөлінген. Сонымен қатар ел ішіндегі және шетелдегі жағдайлар, түрлі жаңалықтар қамтылған.
1932 жылдан 1941 жылға дейін журнал «Коммунист» деген атаумен шықты. Ұлы Отан соғысы жылдарында басылымның жарық көруіне үзіліс жасалып, 1947 жылы қайтадан оқырманға жол тартты.
1952 жылы журналдың атауы «Қазақстан коммунисі» болып өзгертілді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басылымның мазмұны мен бағыты да жаңарды. 1991 жылдың қыркүйегінен бастап журнал «Ақиқат» атауымен жарық көріп келеді.
Осылайша, 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» деген атаумен алғаш жарық көрген басылым биыл өзінің 105 жылдық мерейтойын атап отыр.
In Almaty, 9 shops producing illegal alcohol products were identified and more than 600,000 alcoholic products were seized
