Сауд Арабиясы Еуропаға мұнай жеткізуде қиындықтар туындағанын айтты

260
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wFKW4zfMOFYllj087rb3jcdq5NasyQ9bK8OCLDUj.jpg

Saudi Aramco компаниясы Сауд Арабиясындағы «Шығыс — Батыс» мұнай құбырына жасалған дрон шабуылына байланысты кем дегенде Еуропадағы екі мұнай өңдеу зауытына қазан айында ұзақмерзімді келісімшарттар аясында шикі мұнай жеткізе алмайтынын ескертті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Күздің ортасында Сауд Арабиясы мұнайының жеткізілмеуі еуропалық тұтынушыларды балама шикізат көздерін іздеуге мәжбүр етуі мүмкін. Польшадағы Orlen SA компаниясы жеткізушілер нарығын талдауға кіріскен. Бұл өңірлік мұнай сұрыптарының қымбаттауына әсер еткен. Мәселен, Dated Brent эталондық мұнайының бағасы бір мезетте барреліне 130 доллардан асқан.

Агенттік дереккөзіне сәйкес, Saudi Aramco 16 қыркүйекте зақымданған «Шығыс — Батыс» мұнай құбырының жұмысын ішінара қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеткен. Мамандар бірнеше күн ішінде құбырдың өткізу қабілетінің жартысы қалпына келеді деп күтуде. Ал инфрақұрылым толық қуатында шамамен алты аптадан кейін жұмыс істей бастайды.

Дрон шабуылының салдарын азайту үшін Saudi Aramco Азия елдеріндегі клиенттеріне жедел жеткізілетін мұнай партияларын спот бағасымен ұсынуға мәжбүр болған. Трейдерлер құбыр жұмысы қалпына келгеннен кейін еуропалық кәсіпорындарға да осындай шарттардың ұсынылатынын бақыламақ.

Алайда жеткізілімдерді Азия бағытына қайта бағдарлау Ормұз бұғазы арқылы энергия ресурстарын тасымалдауға байланысты қиындықтар туындатуы мүмкін. Сауд Арабиясы Таяу Шығыстағы қақтығыс кезеңінде мұндай тәуекелдерден барынша аулақ болуға тырысқан.

Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттары, өз кезегінде, Сауд Арабиясының мұнайын дәстүрлі түрде Египеттегі Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Сиди-Керир порты арқылы алады.

Bloomberg мәліметінше, Еуропаға мұнайды Парсы шығанағы арқылы жеткізу үшін танкерлер Қызыл теңіз бағытын пайдалануға мәжбүр болады. Бұл жағдайда хуситтер шабуылының қаупі сақталады. Ал Африканы айналып өтетін балама маршрут тасымалдау мерзімін бес аптаға дейін ұзартады.

Comments