Қара теңіздегі қауіпсіздік. 51 мемлекет алаңдаушылық білдірді

169
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YDddNGqAzSBa0lUx71rlEOuYd4FPjwcVIoJvd6hv.webp

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Украинадағы жағдайға арналған отырысы қарсаңында 51 мемлекет Ресейдің Украинадағы бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды "Адырна".

DW мәліметінше, Қара теңіздегі сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Бірлескен мәлімдеме 23 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында жарияланды. Құжатты Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас таныстырды. Мәлімдемеге Еуропалық одақ елдерімен қатар Австралия, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Норвегия, Украина және басқа мемлекеттер қосылды.

Құжатта Ресейдің Украина аумағындағы азаматтық нысандар мен инфрақұрылымға жасаған шабуылдарына алаңдаушылық білдірілген. Мемлекеттер халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын сақтауға және бейбіт тұрғындарды қорғауға шақырды.

Сондай-ақ мәлімдемеде Қара теңіздегі шабуылдарға ерекше назар аударылған. Қол қойған мемлекеттер теңіздегі жағдайдың Украинаның астық экспортына әсер етіп, әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты тараптар Қара теңізде еркін кеме қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған келісімдер жасау жөніндегі күш-жігерді қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар сауда кемелері мен өңірдегі маңызды инфрақұрылымды қорғауға шақырды.

Еуропалық одақтың мәліметінше, Украина ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруда маңызды рөл атқарады. Елдің астық экспортының басым бөлігі Қара теңіз арқылы жүзеге асырылады.

Comments