Түркістанда 200-ге жуық шебердің басын қосқан халықаралық қолөнер жәрмеңкесі басталды

251
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Q3LoZebhle4lPVKJIYkZOlt2RPXpBPzy0emh57sF.jpg

Түркістан қаласындағы Қолөнершілер орталығында «Turkistan Brand Craft Fair – 2026» халықаралық қолөнершілер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі басталды.

Жәрмекенің салтанатты ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев  арнайы қатысып, іс-шараның маңызына тоқталды.

– Баршаңызды Түркістан төрінде өтіп жатқан «Turkistan Brand Craft Fair-2026» фестивалінде қарсы алу мен үшін үлкен құрмет. Өздеріңізге белгілі, туризм Түркістан облысы экономикасының басым саласының бірі. Үкімет және әкімдік тарапынан туризм саласын дамытуға жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Туризм саласы дамуы үшін экономиканың барлық саласы қатар дамуы тиіс. Яғни, туризмнің дамуы барлық салаларға байланысты. Оның ішінде қолөнер қызметін дамыту ерекше орын алады. 2025 жылдың 3 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы заңға қол қойды. Қабылданған заңда қолөнер саласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып, жергілікті қолөнершілердің кәсібін дамытуға және өнімдерін ілгерілетуге жол ашылды. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 40-тан астам қолөнерші еңбек етуде. Сырттан келген туристер үшін жергілікті қолөнер туындылары басты қызығушылықтың бірі болып отыр. Сондықтан да біз туризмді дамытуда қолөнершілерге жүйелі қолдау көрсетуді негізгі басымдық ретінде айқындап келеміз.  Бүгінгі көрме қолөнершілерге тәжірибе алмасуға, өнімдерін халықаралық деңгейде насихаттауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндік. Баршаңызды ұлттық өнерімізді ұлықтауға, Түркістанды халықаралық деңгейдегі ірі туризм орталығына айналдыруға шақырамын! – деді Ертай Кенжебекұлы.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркияның «KUYAM» қолөнершілер бірлестігінің төрайымы Зубейде Атан Бұлбұл және Үндістанның World Crafts Council ұйымының вице-президенті Сундип Кумар жәрмеңкені аралап көрді. Облыс әкімінің орынбасары шетелдік қонақтарға жәрмеңкеде ұсынылған қолөнер бұйымдарын таныстырды. 

Жәрмеңкеге еліміздің барлық өңірінен және шетелден 200-ге жуық шебер қатысып жатыр. Олар өздерінің бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынуда. Мұнда керамика, ағаш, былғары, металл, киіз және тоқыма бұйымдары, ұлттық және дизайнерлік киімдер, зергерлік бұйымдар, авторлық кәдесыйлар, сондай-ақ табиғи әрі экологиялық таза өнімдер қойылған.

Жәрмеңкенің мақсаты – қолөнерді, кəсіпкерлікті, туризмді, креативті индустрияны жəне халықаралық ынтымақтастықты бір алаңда тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық платформа қалыптастыру.

 «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының директоры Асқар Абубакировтың айтуынша, елімізде  ерекше өнім жасайтын талантты шеберлер көп. Бірақ олардың барлығында заманауи қаптама, маркетинг, цифрлық ілгерілету жəне жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі бірдей емес. Осыған байланысты жәрмеңкенің басты ерекшелігі – қолөнерді тек сақтап қана қоймай, оны бәсекеге қабілетті өнім мен брендке айналдыруға мүмкіндік беру. Мұнда қатысушылар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, тікелей сатуға, жаңа тұтынушылар мен іскерлік серіктестер табуға мүмкіндік алады. Ал келушілер бұйымдарды тікелей шеберлерден сатып ала алады.

Биылғы жәрмеңкеге  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері де арнайы  шақырылған. Бұл бастама ауылдық жерлердегі өндірушілерге өз өнімдерін кең аудиторияға, туристерге және бизнес өкілдеріне таныстырып, нарық аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айта кетсек, облыста туризмді дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыстың туризм саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген туристер саны 347,6 мың адамға жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Табиғи аумақтарға келген туристер ағыны төрт есеге өсіп, 161,5 мың адамды құрады. Қонақүй және орналастыру қызметтерінің көлемі 8,5 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда жеті есеге артты.  Ал орналастыру орындарындағы төсек-орын саны 10 335-ке жетіп, екі есеге көбейді.

Туризмді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңір экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 612 млрд теңгеден асты. Соның арқасында салада 19,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде облыста қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары мен балалар лагерьлерін қоса алғанда, 278 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Сонымен қатар Түркістан облысы елімізде емдік-сауықтыру туризмі бойынша көш бастап тұр. Республикадағы 175 сауықтыру мекемесінің 117-сі Түркістан облысында орналасқан. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

Comments
Other materials