Отыз төрт күн жаңбыр жауып, рекорд жаңарды

274
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lD1UxQQQWamBDmown0fsBMcXf6BUvGAyAgHlm0BE.jpg

Токионың орталық бөлігінде 34 күн қатарынан жаңбыр жауды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Үздіксіз жауын-шашын 29 қыркүйекке дейін жалғасып, бұл көрсеткіш Жапонияда метеорологиялық бақылау жүргізіле бастаған 1886 жылдан бергі ең ұзақ кезең ретінде тіркелді.

Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, бұған дейінгі рекорд 2019 жылы тіркелген. Сол кезде Токионың орталығында 27 маусым мен 29 шілде аралығында 33 күн қатарынан жаңбыр жауған.

Биылғы ұзаққа созылған жауын-шашынға Хонсю аралы маңында орналасқан тұрақты атмосфералық фронт әсер еткен. Сондай-ақ жылы әрі ылғалды ауаның бірнеше рет келуі және тайфундардың жақындауы жауын-шашын мөлшерінің артуына ықпал еткен.

27 қыркүйектегі жағдай бойынша Токионың орталығында қыркүйек айында 621,5 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл айлық орташа көрсеткіштен шамамен үш есе көп. Қыркүйектегі ең жоғары көрсеткіш 1958 жылы тіркеліп, ол кезде 670,9 миллиметр жауын-шашын түскен.

Сонымен қатар 1–27 қыркүйек аралығында Токионың орталығында күн сәулесі небәрі 45,8 сағат бойы байқалған. Бұл — бақылау тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Метеорологтардың мәліметінше, 30 қыркүйекте Токио орналасқан Канто аймағында атмосфералық фронттың әсерінен жаңбыр қайта жаууы мүмкін.

Comments