Қазақтардың қартаюы. Демография тек туу көрсеткішімен өлшенбейді

147
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HNWMdhkHHsDH5WVEYiIX17AeTfmjzsRAf8e7Cxye.jpg

Фото ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтардың үлесі 9,6 пайызға жетті. Демограф Аяулым Сағынбаева "Адырнаға" халықтың қартаюына әсер ететін факторларды, өңірлер арасындағы айырмашылықтарды және егде жастағы адамдардың әлеуметтік мәселелерін түсіндірді.

Қазақстанда халықтың қартаю процесі қарқынды жүріп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында ел халқының саны 20 499 822 адам болды. Оның 1 миллион 975 мыңы, яғни 9,6 пайызы – 65 жастан асқан азаматтар. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 9,2 пайыз болған. Демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, бұл үрдіске өмір сүру ұзақтығының артуы мен туу көрсеткіштерінің төмендеуі әсер етіп отыр.

Қай өңірлерде егде жастағы адамдар көп?

Демографтың сөзінше, Қазақстан өңірлеріндегі халықтың жас құрылымы біркелкі емес. Оңтүстік және батыс өңірлерде халық салыстырмалы түрде жас болса, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда қартаю процесі айқынырақ байқалады.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында егде жастағы адамдардың үлесі жоғары.

«Оңтүстік өңірлер мен батыс өңірлер жас өңірлер қатарына жататын болса, біздің солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлеріміз, әсіресе Алматы қаласы, қартаяып келе жатқан өңірлерге жатады», – деді Аяулым Сағынбаева.

Өңірлердегі демографиялық ахуалды бағалау үшін халықтың жас құрылымы, демографиялық қартаю индексі және демографиялық жүктеме көрсеткіштері қолданылады. Қартаю индексі 0–14 жастағы әр 100 балаға 65 жастан асқан қанша адам келетінін көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, бұл көрсеткіш соңғы бес жылда тұрақты өсті: 2021 жылы ол 26,7 болса, 2024 жылы 31,1-ге, 2025 жылы 32,9-ға жетті.

Өңірлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай. 2025 жылы қартаю индексі ең жоғары өңірлер:

Солтүстік Қазақстан облысы – 84,1;
Шығыс Қазақстан облысы – 80,7;
Қостанай облысы – 71,3;
Павлодар облысы – 60,2;
Қарағанды облысы – 56,6.

Ақмола (54,2) және Абай (48,9) облыстарында да бұл көрсеткіш жоғары. Ал ең жас өңірлерде ол бірнеше есе төмен: Маңғыстау облысында – 16,2, Шымкент қаласында – 17,0, Түркістан облысында – 17,2. Алматы қаласында индекс 38,3-ке жетіп, республикалық деңгейден асып түседі, ал Астанада ол 22,9-ды құрайды. Қалалық жерлерде қартаю индексі 34,9 болса, ауылдық жерлерде 29,6.

Халықтың қартаюына не әсер етеді?

Сарапшының айтуынша, егде жастағы азаматтардың үлесінің артуына бірнеше фактор ықпал етеді. Олардың қатарында өмір сүру ұзақтығының көбеюі, туу деңгейінің төмендеуі және егде жастағы адамдар арасындағы өлім-жітімнің азаюы бар.

«Қарт адамдардың үлесінің артуына бірінші кезекте олардың өмір сүру ұзақтығының көбеюі, сонымен қатар туу көрсеткіштерінің азаюы әсер етеді», – деп түсіндірді демограф.

Маман медицина саласының дамуы да халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 75,44 жас, ал 2021 жылы 70,38 жас болған. Әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 79,8 жас, ерлердікі – 72,19 жас, яғни айырмашылық шамамен 7,6 жыл. Қала тұрғындары орта есеппен 76,63 жас, ауыл тұрғындары 74,81 жас өмір сүреді. Өңірлер ішінде бұл көрсеткіш Алматы (78,83 жас) мен Астана (78,78 жас) қалаларында ең жоғары. Ұлытау (73,56 жас), Солтүстік Қазақстан (73,63 жас) және Шығыс Қазақстан (73,76 жас) облыстарында ең төмен. Яғни халқы ең қарт өңірлердің кейбірінде өмір сүру ұзақтығы ел бойынша ең төмен деңгейде.

Сонымен бірге елде туу көрсеткіштері соңғы жылдары тұрақты төмендеп келеді. 2025 жылы 335 005 бала дүниеге келді. Бұл 2021 жылғы 445 875 баладан 24,9 пайызға аз. Жалпы туу коэффициенті осы кезеңде 1000 тұрғынға шаққанда 23,47-ден 16,43-ке дейін төмендеді. Жиынтық туу коэффициенті бір әйелге шаққанда 3,32 баладан 2,57 балаға дейін азайды. Әйелдер бала көтеруді біртіндеп кейінге қалдырып келеді: бала туған кездегі ананың орташа жасы 2021 жылы 29,4 болса, 2025 жылы 29,9 жасқа жетті. Нәтижесінде халықтың табиғи өсімі 2021 жылғы 264 659 адамнан 2025 жылы 200 270 адамға дейін қысқарды.

Өмір сүру ұзақтығының артуы егде жастағы азаматтардың санын көбейтсе, туу көрсеткіштерінің төмендеуі жалпы халық құрамындағы олардың үлесін арттыра түседі.

Қартаю қоғамға қандай міндеттер жүктейді?

Халықтың қартаюы әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және егде жастағы азаматтарға көрсетілетін көмекті дамыту мәселелерін өзекті етеді. Бұл ретте қарт адамдардың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдық өмірге араласу мүмкіндігіне де назар аудару қажет.

Қазақстанда егде жастағы азаматтарды қолдауға бағытталған әлеуметтік қызметтер мен ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді. Мұндай орталықтар қарт адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне және қоғаммен байланысын сақтауға мүмкіндік береді.

«Егде жастағы адамдардың негізгі мәселесі, бірінші кезекте, олардың әлеуметтік және экономикалық жағдайы, денсаулығы және түрлі әлеуметтік көмек алуына қатысты болып отыр», – деді Аяулым Сағынбаева.

Сонымен қатар қарт адамдардың әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуы, медициналық қызметтерге қолжетімділігі және ұрпақтар арасындағы байланыс мәселелері де маңызды болып отыр.

Қазақстанда «күміс экономика» қалай дамып келеді?

Демограф егде жастағы азаматтардың қоғамдағы рөліне де назар аудару қажет екенін айтты. Әлемнің бірқатар елдерінде қарт адамдардың қажеттіліктеріне бағытталған «күміс экономика» дамып келеді.

«Оңтүстік Корея, Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-та «күміс экономика» қарқынды дамып келеді. Қазақстанда бұл бағыт енді-енді пайда болып жатыр», – деді маман.

«Күміс экономика» егде жастағы азаматтардың қажеттіліктеріне арналған тауарлар мен қызметтерді, әлеуметтік қолдау жүйесін және олардың экономикалық белсенділігін қамтиды.

Маманның пікірінше, халықтың қартаю процесін бағалауда тек егде жастағы адамдардың үлесіне ғана емес, олардың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына және қоғамдық өмірге араласу мүмкіндіктеріне де назар аудару қажет.

Гүлбаршын Нұрхан

Comments
Other materials