Фото: ашық дереккөзден
Тіл мәселесін жиі көтеріп жүрген журналист Жалғас Ертай Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шығатын шетелдік фильмдердің қазақ тіліндегі толық дубляждалған нұсқасын міндеттеуді ұсынды. Осы бастамаға байланысты ол петиция жариялап, Мәдениет және ақпарат министрлігін «Кинематография туралы» заңға өзгеріс енгізуге шақырды, деп хабарлайды "Адырна".
Петиция авторының айтуынша, қолданыстағы заң фильмдерді қазақ тіліне аударуды талап етеді. Алайда заңда толыққанды дубляж міндетті деген нақты талап жоқ. Қазір дистрибьюторлар фильмді қазақша субтитрмен немесе кадр сыртындағы аудармамен ұсына алады.
Жалғас Ертайдың пікірінше, мұндай талаптың болмауы қазақ тіліндегі дубляждың Қазақстандағы тұрақты кинопрокат стандартына айналуына кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан көптеген фильмнің қазақша дыбысталған нұсқасы көрерменге ұсынылмайды.
Петицияда қазақ тіліндегі дубляждың коммерциялық тұрғыдан да сұранысқа ие екені атап өтілген. Автор бұған Disney-дің «Моана 2» мультфильмін мысал ретінде келтіреді. Петициядағы дерекке сәйкес, оның қазақша нұсқасы 12 күн ішінде 151 млн теңгеден астам касса жинап, Қазақстандағы жалпы бокс-офистің 12 пайызын құраған.
Сондай-ақ «Ойжұмбақ 2» фильмінің қазақша нұсқасы алғашқы төрт күнде 40 млн теңгеден астам табыс әкелгені көрсетілген.
Автор бұл көрсеткіштер қазақша дубляжға көрермен тарапынан нақты сұраныс бар екенін дәлелдейді деп санайды. Оның пайымдауынша, тұрақты ұсыныс қалыптасса, дубляж нарығы да өздігінен дамып, сала мамандарына тұрақты жұмыс пен тапсырыс пайда болады.
Петицияда балалар мен отбасылық фильмдерге ерекше назар аударылған. Себебі кішкентай көрермендер субтитрді толық оқып, фильмді қабылдай алмайды. Сондықтан мұндай туындылардың қазақша дыбысталуы маңызды екені айтылған.
Қандай өзгеріс ұсынылды?
Жалғас Ертай «Кинематография туралы» заңның 9-бабына өзгеріс енгізіп, шектеулі прокатты қоспағанда, түпнұсқа тілі қазақша емес фильмдердің мемлекеттік тілдегі дубляждалған нұсқасын міндеттеуді сұрайды.
Ұсынысқа сәйкес:
- қазақша дубляж фильмнің Қазақстандағы негізгі прокатымен бір уақытта қолжетімді болуы керек;
- субтитр мен кадр сыртындағы аударма қосымша нұсқа ретінде сақталуы тиіс;
- шектеулі прокаттағы фильмдерге бөлек талап белгіленуі мүмкін;
- кинотеатрлар мен дистрибьюторларға жаңа талаптарға бейімделу үшін өтпелі кезең берілуі қажет.
Петиция авторы бұл бастама өзге тілдердегі фильмдерді көрсетуге шектеу қоюды көздемейтінін атап өтті. Негізгі мақсат – қазақстандық көрерменнің әлемдік киноны мемлекеттік тілде толыққанды тамашалау мүмкіндігін кеңейту және елдегі дубляж индустриясын дамыту.
Сондай-ақ журналист Мәдениет және ақпарат министрлігін ұсыныстарды қарастырып, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуге шақырды.
