Фото ЖИ көмегімен жасалған
Ғылым жолы – үздіксіз ізденіс пен табандылықты талап ететін күрделі сапар. Әсіресе, әлемнің жетекші ЖОО-ларында білім алып, халықаралық деңгейде зерттеу жүргізу үлкен еңбек пен батылдықты қажет етеді. Бүгінде сондай биіктерді бағындырып жүрген қазақстандық ғалымдардың бірі – Берклидегі Калифорния университетінде биология саласы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген PhD докторы Жадыра Еркеш.
Жадыра Еркеш ДНҚ құрылымы, эпигенетика және жасушалық механизмдер бағытында зерттеу жүргізіп, қазіргі биология ғылымының ең өзекті мәселелерін зерделеуде. Сонымен қатар ол ғылымды ана тілі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеумен ұштастырып, шетелдегі қазақ балаларына арналған BirbalaBooks жобасын жүзеге асырып келеді. Біз ғалыммен шетелде білім алу жолындағы қиындықтар, Нобель сыйлығы лауреаттарымен жұмыс істеу тәжірибесі және ғылымдағы табандылық туралы әңгімелестік.
- Шетелде білім алып, ғылыммен айналысу жолында қандай қиындықтар кездесті? Өзге елде білім аламын деген арман қайдан пайда болды?
- Мен бала кезімнен армандағыш едім. Өзім өмір сүріп жатқан ортаның шекарасымен болашағымды шектегім келмеді. Теледидардан басқа елдердің өмірін көргенде, əлемнің басқа түкпірінде адамдар мүлде басқаша өмір сүретініне таңғалатынмын. Табиғатымнан қызыққұмармын, сондықтан бала кезімнен əлемнің əр түкбірін өз көзіммен көргім келді.
Мектепке 5 жасымда бардым, ал ағылшын тіліне деген алғашқы саналы қадамымды 9 сыныпта жасадым. Анама ағылшын тілін жақсылап үйренгім келетінін айтып, курсқа бардым. 11 сыныпқа қарай ағылшын тілім жоғары деңгейге жетті. Ол кезде бұл үлкен жоспардың бөлігі екенін ойлаған жоқпын. Ал қазір артқа қарасам, сол кішкентай қадамдар келесі жолымды ашып берген екен.
Халықаралық ғылымға деген кəсіби құштарлық университетте оянды. Студент кезімде UCLA-да (University of California at Los Angeles) жазғы ғылыми практикадан өттім. Бұл тəжірибе халықаралық зерттеу ортасында жұмыс істеуге деген қызығушылығымды күшейтіп, докторантураға дайындалуыма үлкен серпін берді.
Негізі ғылым мен ғалымның табиғаты əрқашан халықаралық болған. Сайрамда туған Қожа Ахмет Яссауи білім іздеп Бұхараға барып, Жүсіп Хамаданидің шəкірті болды. Мария Кюри Польшада туып, Францияда еңбек етті, Эйнштейн Германияда туып, Швейцария мен АҚШ-та жұмыс істеді. Ғылымда елден гөрі ортақ мақсат маңыздырақ. Ол – табиғат заңдылықтарын түсіну жəне адамзатқа өзекті мəселелерді шешу. Сондықтан зерттеуіңе ең қолайлы орта қай жерде болса, сол жаққа жол тартасың. Ғалым болғың келсе, халықаралық ортаға шығу – мамандықтың табиғи жалғасы.
Бұл жолда қиындық болмады деп айта алмаймын. Докторантураны бұрын тəжірибем болмаған салада – хроматин биохимиясы зертханасында бастадым. Теориясы да, зертханалық əдістері де мен үшін жаңа еді. Зертхананың апталық жиындары мен мақала талқылауларында айналамдағылардың бəрі менен ақылды көрінетін, кейде ештеңе түсінбей отыратынмын. «Мен бұл жерге лайықпын ба?» деген күмəн да болды. Сондықтан үйге келген соң, жиында айтылғанның бəрін түсінгенше оқитынмын.
Докторантураның тағы бір үлкен сынағы – өз жобаңды өзің ойлап табу. Жүздеген мақаланы оқып, бір-біріне қайшы нəтижелерді салыстырып, өз қорытындыңды жасап, оны басқа ғалымдардың алдында қорғауың керек. Бұл маған сыни ойлауды, белгісіздіктен қорықпауды жəне білмейтініңді тез үйренуді үйретті.
PhD-ды аяқтаған соң постдок болып, крио-электрондық микроскопияны осы саланың ең мықты зертханаларының бірінде үйренгім келді. Германия мен Швейцариядағы мүмкіндіктерді де қарастырдым, ал жолым мені Берклиге алып келді.
Постдокторантуралық ғылыми жұмысым да мен үшін мүлде жаңа сала еді – структуралық биология, крио-электрондық микроскоп лабораториясы. «Енді маман болдым» деп отырғанда, басқа елге көшіп, нөлден бастауға тура келді. Докторантурада алты жыл жетілдірген əдістерімнің бұл жұмысқа тікелей қатысы болмады. Докторлық дəрежеден кейін бəрін қайта бастау – адамның эгосына да үлкен сынақ. Оның үстіне бұл сəт менің алғаш рет ана болған кезеңіммен тұспа-тұс келді. Ұйқысыз түндер мен тəжірибеге толы күндер əлі есімде.
Бірақ қазір бұл кезең мені адам ретінде шыңдағанын түсінемін. Ең үлкен сабағым: дəл қазір көп нəрсені білмеуім мүмкін, бірақ қысқа мерзімде кез келген саланы үйрене алатын қабілетіме сенімдімін. Осы жолдан өтпесем, бейімделу қабілетім мүлде басқаша болар ма еді, кім білсін.
- ДНҚ құрылымы мен эпигенетиканы зерттеуге қалай келдіңіз? Қызығушылығыңыздың оянуына кім түрткі болды?
- Шынымды айтсам, докторантураға дейін эпигенетикамен айналыспаған едім. Сондықтан мүлде жаңа бағытты таңдау мен үшін белгілі бір дəрежеде қауіпті де болды. Бірақ мені дəл осы белгісіздік қызықтырды, тәуекелге бел будым.
Генетиканы біз көбіне «бəрі ДНҚ-да алдын ала жазылған», яғни детерменистік деп үйренеміз. Бірақ əр клеткамыздың ядросында шамамен екі метр ДНҚ бар, ал денеміздегі барлық жасушада ДНҚ бірдей. Сонда жүйке жасушасы неге тері жасушасына ұқсамайды? Себебі əр клетка бір «кітаптың» əртүрлі беттерін оқиды. Қай бетті ашып, қайсысын жабатынын эпигенетика шешеді.
Маған осының молекулалық механизмі қатты қызық болды. Қоршаған орта мен жасушаның ішкі сигналдары ДНҚ-ның жазуын өзгертпей-ақ, оның қалай оқылатынына қалай əсер етеді? Бұл процестің басты реттеушілерінің бірі – хроматин: ДНҚ-ның протеинге оралған күйі. ДНҚ оралуы тығыз болса, ген «жабық» қалады, ал босаса, ген «ашылады». Сондықтан мені белгілі бір адам емес, осы сұрақтың өзі баурап алды.
- Алдағы 10–20 жылда генетика мен эпигенетика саласында қандай серпілістер болуы мүмкін?
- Алдағы онжылдықтардың басты өзгерісі – геннің өзін «жөндеуден» гөрі, оның жұмысын дəл басқара білуде болады деп ойлаймын. Геномды үлкен рецепттер кітабына теңесек, эпигенетика сол кітаптың қай бетін ашып, қайсысын жабатынын шешеді. Енді ғалымдар сол кітап «беттерін» ДНҚ-ны қиып-жапсырмай-ақ ашып-жабатын құралдар жасап жатыр. Мұны эпигенетикалық редакциялау дейміз. Бұл гендерді жай қосып-өшіру ғана емес, олардың белсенділігін күшейтіп немесе əлсіретіп, дəл реттеу. Бұл бағыт алғашқы клиникалық сынақтарға жетті. Ауру тудыратын геннің белсенділігін басып, керек генді қайта қосуға мүмкіндік бар. Бірақ əзірге оның қауіпсіздігі, дəлдігі жəне əсері қанша уақытқа созылатыны зерттеліп жатыр.
Екінші өзгеріс – біз денені жеке жасуша дəлдігімен көре бастадық. Бұрын мыңдаған жасушаны бірден талдап, тек олардың орташа көрсеткішін көретінбіз. Бұл сыныптың орташа бағасын біліп, əр оқушының бағасын көрмегенмен бірдей. Ал қазір əрбір жасушаның гені мен эпигеномындағы айырмашылықты жеке-жеке оқи аламыз. Жасанды интеллект осы үлкен деректерді талдауды одан əрі жылдамдатады.
Сондықтан алдағы жиырма жылда генетика, эпигенетика жəне жасанды интеллект бұрынғыдан да тығыз байланысады деп ойлаймын. Бірақ мен үшін ең қызық сұрақ – «генді өзгерте аламыз ба?» емес, «жасушаның бағдарламасын қаншалықты дəл жəне қауіпсіз басқара аламыз?» болды.
- Адам қартаюын баяулату немесе жасушаларды жасарту бағытындағы зерттеулер қаншалықты перспективалы?
- Бұл – өте перспективалы бағыт, бірақ мұнда ғылымды фантастикадан ажырату маңызды. Оқиға 2006 жылы басталды. Киото университетінде Шиня Яманака тышқанның тері жасушасына небəрі төрт генді (transcription factors) қосты. Бірнеше аптадан соң тері жасушасы өзінің тері екенін «ұмытып», кез келген клеткаға айнала алатын, эмбрион жасушасына ұқсас күйге оралды. Бұл жаңалық үшін Яманака 2012 жылы Нобель сыйлығын алды. Астарында үлкен ой жатыр: жасушаның «жады» оның өмір бойғы тағдыры емес, эпигенетикалық əдіспен жасушаның мамандығын өзгертуге болады.
Осы технологияның негізінде тышқандармен жасалған эксперименттерден біраз қызықты нəтижелер бар: тез қартаятын тышқандардың өмірі ұзарды, ал көру нервісі зақымдалған тышқандарда көру қабілеті жақсарды. Бірақ «жақында жасартатын таблетка шығады» деуге əлі ерте. Жасушаны тым ұзақ немесе тым қатты қайта бағдарласаңыз, ол ісік (рак) қаупін арттырады. Жəне мұндағы «жасарту» – паспорттағы жасты кеміту емес, жасуша ішіндегі молекулалық белгілерді қалпына келтіру. Сондықтан қазіргі басты сұрақ – жасушаны жасарту ғана емес, оны қауіпсіз жасарту.
Меніңше, бұл саланың нақты уəдесі – мəңгі жастық емес. Ол – қартаюмен байланысты аурулардың басталуын кешіктіріп, адамның сау өмір сүру кезеңін ұзарту.

- Нобель сыйлығының лауреаттарымен бірге жұмыс істеу сізге не үйретті?
- Берклиде Нобель лауреаттарымен бір университетте жүріп, олардың семинарларына қатысып, ғылыми талқылауларда бір үстелде отыру – өз алдына үлкен мектеп.
Бірінші сабақ: адамдарды алыстан идеалдандыру оңай, ал жақыннан олар да біз сияқты қателесетін кəдімгі адам екенін көресің. Бірақ олардың ортақ қасиеті бар: өз идеясына, ісіне табандылық жəне жоғары сапалы ғылымға қатаң талап.
Екінші сабақ: марапатқа көзқарасымды өзгертті. Берклиде Нобель сыйлығын алмаған, бірақ деңгейі əлемдегі ең жоғарылардың қатарындағы ғалымдар өте көп. Нобель – маңызды марапат, бірақ ол бір салада үш адамнан аспайтын топқа беріледі жəне жиі жаңалықтан ондаған жыл өткен соң табысталады. Ал ғылым – ұжымдық еңбек. Мысалы, ДНҚ құрылымын ашуда Розалинд Франклиннің рентген суреттері шешуші рөл атқарды, бірақ 1962 жылғы Нобель сыйлығын ол алмады, өйткені ол 1958 жылы қайтыс болады.
Сондықтан менің түйінім мынау: кемелдікке ұмтылу керек, ал марапаттың өзін мақсат етпеу керек. «Нобель лауреаты» болу мен «ең мықты ғалым» болу – бір нəрсе емес.
- BirbalaBooks жобасы туралы айта кетсеңіз. Негізгі мақсаты қандай?
- BirbalaBooks менің жеке тəжірибемнен туды. Мен қазір Америкада туылған қазақ баланы тəрбиелеп жатырмын, сондықтан “менің балам қандай адам болып өседі?” деген сұрақ маза бермейді. Меніңше, тіл – жай сөздер жиынтығы емес, ол – дүниені көру тəсілі. Екі мəдениеттің арасында өскен балалар өз тамырынан үзіліп қалса, есейгенде «мен кіммін?» деген сұраққа жиі тап болады. Бала тілін жоғалтса, ол тек сөзді емес, өзінің бір бөлігін жоғалтады. Сондықтан Birbala Books – ең алдымен балаларға болмысын сақтауға көмектесетін жоба.
Бала тəрбиесінде кітаптың орны өте ауқымды екені белгілі, ал шетелде балама қазақша сапалы кітап іздегенде, таңдау өте аз екенін көрдім. Тапқанның өзін шетелге жеткізу – бөлек мəселе. Сонда «неге өзім жазбасқа?» деген ой келді.
Ғалым ретінде мен кітаптарды зерттеуге сүйеніп жасадым. Баланың тілді қалай меңгеретіні, суреттің танымға əсері, эмоциялық ой-өрісті дамыту, қазақи құндылықтар, қос тілді форматтың артықшылықтары – бəрі ескерілген. Əсіресе 5 жасқа дейінгі балаларға арналған сапалы, заманауи қазақша кітап жетіспейтін.
Қазір бізде үш кітап бар, олар Amazon арқылы əлемнің 12 елінде қолжетімді болғандықтан, бүгінгі күні Европа мен АҚШ-тағы бүлдіршін оқырмандарымыз өсіп жатыр. Əр кітаптың аудиокітабы бар, оны birbala.com сайтынан кез келген елден тегін тыңдауға болады. Кітаптар қазақша-ағылшынша қос тілді болғандықтан,
Қазақстандағы балаларға да ағылшын тілін үйренуге көмектеседі деп ойлаймын. Келешекте Қазақстанда үйлесімді баспа үйі табылса, кітаптарымызды ел нарығына да шығарамын деген ойым бар. Мақсатым – шетелдегі қазақ балаларына ғана емес, жалпы қазақ тіліндегі сапалы жəне заманауи балалар əдебиетін көбейтуге үлесімді қосу.

- Ал сізді күн сайын алға жетелейтін басты мотивация не?
- Шынымды айтсам, мен мотивацияға аса сенбеймін. Ол ауа райы сияқты: бүгін бар, ертең жоқ. Ал зертханада тəжірибелердің көбі бірінші рет шықпайды, сондықтан мотивацияны күтсем, ештеңе бітірмес едім. Мені алға жетелейтін – дисциплина пен тұрақтылық: күн сайын аз да болса алға жылжу. Кейде жұмыс істегің келмейді, шаршайсың, нəтиже бірден көрінбейді. Бірақ сондай күндері де өзіңе қойған міндетті орындау маңызды. Өмірімдегі көп нəтиже бір күндік үлкен секірістен емес, жылдар бойы жиналған кішкентай қадамдардан құралды. Тоғызыншы сыныптағы ағылшын курсы да, докторантура да, BirbalaBooks та солай басталды. Сондықтан өзіме «мотивациям бар ма?» деп емес, «бүгін не істей аламын?» деп сұраймын.
- Әңгімеңізге көп рақмет!
Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы
Will Tokayev discuss the issue of Ablyazov's return to the country during his visit to France - the answer of the MFA
Norway is a country with a reserve fund for 100 years, strong social support and a high standard of living
