Ғалымдар жасыл түсті жұлдызды тапты

310
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BqM2978agd13QkcWd30p0KHEj3kbehzHZPsrTXVO.webp

Фото: Reuters

Ғалымдар алғаш рет жасыл түспен көрінетін ақ ергежейлі жұлдызды анықтады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Reuters дерегінше, ол Жерден 280 жарық жылы қашықтықта орналасқан.

Ақ ергежейлілер – ядролық отыны таусылып, сыртқы қабаттарын жоғалтқан жұлдыздардың қалдығы. Олардың көлемі Жермен шамалас болғанымен, массасы Күн массасының жартысына жуық.

Ұлыбританиядағы Уорик университетінің ғалымдары ақ ергежейлілердің жарығы адам көзіне қандай түспен көрінетінін зерттеген. Зерттеу нәтижелері 15 қазанда RAS Techniques and Instruments ғылыми журналында жарияланды.
Әдетте жұлдыздардың түсі олардың температурасына байланысты болады. Салқындау жұлдыздар қызғылт сары, Күн тәрізді жұлдыздар ақ, ал өте ыстық жұлдыздар көгілдір болып көрінеді. Алайда ақ ергежейлілердің тығыз атмосферасындағы химиялық элементтер олардың түсіне әсер етуі мүмкін.

WD J1330+6435 деп аталатын жұлдыздың атмосферасына бұрынғы планеталық жүйесінен қалған тасты бөлшектер түскен. Соның нәтижесінде оның атмосферасында кальций, литий және натрий мөлшері артқан.

Түрлі құбылыстардың нәтижесінде жұлдыз сарғыш-жасыл түспен көрінеді.

«Планетаның бетінде тұрып, жасыл жұлдызға қарап тұрғаныңызды елестетіп көріңіз. Бұл ғылыми фантастикадағы көрініске ұқсайды», – деді зерттеу жетекшісі, астрофизик Марк Холландс.

Comments