Трамп соғысты тоқтату үшін Зеленский мен Путиннің жүздесуі шарт емес дейді

411
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dwXYIGsSoqnKRkEy7dbdA4kOdk5mBYMu4WDmPk1F.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қатысты келісімге қол жеткізу үшін Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің кездесуі міндетті емес деп санайды. Бұл туралы Америка көшбасшысы журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сұхбатты Ақ үй тікелей эфирде көрсетті.

«Олардың бір бөлмеде отыруы міндетті емес. Менің ойымша, олар келісімге басқа жолмен де келе алады. Оларға бір бөлмеде бірге болу қиын. Мұның қалай жүзеге асатыны мені қызықтырмайды», – деді Трамп журналистің сұрағына жауап бере отырып.

Ақ үй басшысы ондаған мың сарбаздың қаза тапқаны туралы хабарларды енді көргісі келмейтінін де айтты.

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп Владимир Зеленскийді қатаң сынға алып, Украина келісім жасай алатын жаңа көшбасшы табуы керек екенін мәлімдеген болатын. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Трамптың саясаты Киевті капитуляцияға, яғни қарсы тараптың шарттарын қабылдап, берілуге итермелеп отырғанын жеткізген.

Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ президенті мен оның командасы Украинаға Ресейдің шарттарына сай бейбіт келісім жасатуға тырысатыны туралы ақпарат тараған еді. Өз кезегінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жуырда Киев пен Мәскеу арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу мәселесіне қатысты АҚШ пен Украина қарым-қатынасы туралы пікір білдірген. Оның айтуынша, Дональд Трамп Украина ұстанымына жай ғана көңілі толмай отырған жоқ, ол бұл жағдайға ашулы.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский Украина, АҚШ және Ресей басшыларының үшжақты кездесуі өтуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Comments