Басы даудан арылмаған ҚазҰУ. Оқытушының жұмыстан босатылуына қатысты видеоға түсініктеме берілді

309
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xgLZ4eNerfmMtBcHvlAbKpmP05zizeSJIHGrMmDx.webp

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақ үстінде оқытушыға жұмыстан босатылғаны туралы хабарланған сәт түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жазба қоғамда қызу талқыланып, қолданушылар оқытушыға қатысты шешімнің жария түрде жеткізілуіне назар аударды. Университет оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның аудиторияда отырған әйелге құжаттарды ұсынып жатқаны көрінеді. Жазбадағы әйел жұмыстан босатылу себебін сұрап, тиісті құжаттармен таныстырылмағанын айтады. Видео авторларының мәліметінше, әйел университетте оқытушы болып жұмыс істеген. Желі қолданушылары еңбек қатынастарына қатысты мәселені студенттердің көзінше талқылаудың этикалық жағына назар аударды.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің мәліметінше, видео 7 қазанда, оқытушымен еңбек қатынастары тоқтатылғаннан кейін түсірілген. Университеттің хабарлауынша, оның орнына басқа оқытушы тағайындалған. ЖОО мәліметінше, бұрынғы оқытушы аудиторияға кіріп, жаңа тағайындалған педагогтан шығуын талап етіп, сабақты өзі өткізуге кіріскен. Кадр бөлімінің өкілі оған жағдайды талқылау үшін дәлізге шығуды ұсынғанымен, әйел әңгімені аудиторияда өткізуді талап еткен.

Университет өкілдері видеоны оқытушының өтініші бойынша студенттер түсіргенін мәлімдеді. Сондай-ақ әкімшілік кадрлық құжаттарды аудиторияда жария түрде тапсыруға бастамашы болмағанын атап өтті.

ҚазҰУ мәліметінше, еңбек қатынастарын тоқтату туралы бұйрық 2026 жылғы 2 қазанда тәртіптік комиссияның шешімі негізінде шығарылған. Университет оқытушы комиссия отырысы туралы хабардар болғанын және өз ұстанымын білдіруге мүмкіндігі болғанын, алайда отырысқа қатыспағанын хабарлады. ЖОО бұйрықтың көшірмесі заңнамада белгіленген мерзімде оқытушының тұрғылықты жеріне пошта арқылы жіберілгенін де айтты.

Университеттің түсіндіруінше, еңбек қатынастарын тоқтату туралы шешім оқытушының 2024–2026 жылдардағы жұмысына қатысты анықталған бірқатар бұзушылыққа байланысты қабылданған.

Атап айтқанда, ЖОО Univer ақпараттық жүйесінің қауіпсіздік талаптары бұзылғанын, соның ішінде студенттерге оқытушының есептік жазбасын пайдалануға рұқсат берілген жағдайлар болғанын хабарлады.

Бұдан бөлек, оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, емтихан тапсырмаларын дайындау, сабақ өткізу және студенттердің жұмыстарын тексеру талаптарына қатысты олқылықтар анықталғаны айтылды. Университеттің пікірінше, бұл жағдайлар емтихан сессияларының уақтылы өтуіне және студенттердің академиялық құқықтарының сақталуына кері әсер етуі мүмкін болған.

Сонымен қатар әкімшілік студенттерді, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, оқытушының университетпен арадағы еңбек дауына тарту мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

ҚазҰУ студенттерді жеке немесе еңбек дауларын шешу құралы ретінде пайдалануға болмайтынын атап өтті. Университеттің хабарлауынша, жағдайды реттеу мақсатында оқытушымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәртіптік шаралар қолданылған.

Comments