Мектепке жасалған соққыдан қаза тапқандар саны отызға жуықтады

227
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IDtkdlQh3CTKAY7ylRUpxQNjC7fjiCLbAGGeyjhW.jpg

Украинаның Камышеваха елді мекенінде мектеп ғимаратына жасалған әуе соққысынан кемінде 26 адам қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна”. 

Бұл туралы Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі хабарлады.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, аталған мектеп ғимараты гуманитарлық көмек тарату үшін пайдаланылған. Оқиға кезінде тұрғындар сол жерден қажетті көмекті алып жатқан.

Зеленскийдің айтуынша,  әуелі елді мекенге бірнеше әуе бомбасы тасталған. Алғашқы соққыдан кейін нысанға тағы тоғыз әуе бомбасы, оның ішінде адамдар паналаған орынға да соққы жасалған.

Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің соңғы дерегіне сәйкес, қаза тапқандар арасында екі құтқарушы мен төрт полицей бар. Тағы бес адам жарақат алған. Олардың екеуі – құтқарушы.

Мекеме хабарлауынша, оқиға орнына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жеткен кезде қайта шабуыл жасалу қаупі туындаған. Осыған байланысты олар паналау орнына өтіп, сол сәтте екінші әуе соққысы жасалған.

Салдарынан мектептің спорт залы мен шаруашылық нысаны қирап, оқу ғимаратына зақым келген. Сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару көлігі жойылған.

Запорожье облыстық әскери әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Михаил Семикиннің мәліметінше, елді мекеннің орталығына ФАБ-3000 басқарылатын әуе бомбалары тасталған. Оның айтуынша, соққы тұрғындар гуманитарлық көмек алып жатқан уақытта жасалған. Сондай-ақ дрондардың шабуылына байланысты құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылуға мәжбүр болған.

Әзірге Ресей тарапы Камышеваха елді мекеніне жасалған әуе соққысына қатысты пікір білдірген жоқ.

Comments