Қазақтың сөз өнерінде өзіндік орны бар ақын, айтыскер Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды бүгін, 8 қарашада жазушы, марқұмның ауылдасы Исмаилжан Иминов жеткізді, деп хабарлайды “Адырна”.
“Қаламымды қолға алып, 86 жасында бірегей тұлға, көрнекті ақын-импровизатор Надежда Лушникованың өмірден өткенін хабарлауға мәжбүрмін. Қазақ сөз өнерін қадір тұтатын жұртшылық арасында оның есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді.
Мен үшін Надежда-апай ең алдымен жақын жан, бірнеше онжылдық бойы араласқан аяулы досым болды. Біз көп уақытымызды бірге өткіздік, күн сайын дерлік телефон арқылы сөйлесіп тұрдық”, деп жазды жазушы.
Жазушы марқұмның дарынды ақын, аяулы ана, ардақты әже әрі асыл адам ретіндегі жарқын бейнесі жақындарының, достары мен жерлестерінің жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Надежда Андреевна 1940 жылы Алматы облысы, Шамалған ауылында дүниеге келген. Бала кезінен қазақ тілін меңгеріп, қазақ фольклоры мен халық әндерін сүйіп оқыған ол жасынан поэзияға қызығып, алғашқы шығармаларын 1960 жылы жариялаған. Айрықша қабілеті мен өнеріне Аскар Тоқмағамбетов, Мұхтар Әуезов және Бауыржан Момышұлы сынды ірі тұлғалар назар аударып, шығармашылығын қолдаған.
1960–1980 жылдары Надежда Лушникова республикадағы ең танымал ақындардың бірі болды. Ол лирикалық шығармалары үшін 1970 жылы Лениндік комсомол сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, 27 жыл бойы педагогикалық қызмет атқарып, қазақ тілін үйретіп, жас таланттарды тәрбиеледі.
Айтыстың дәстүрлі өнерінде де елеулі із қалдырған Надежда Лушникова қазақтың ақындарымен бірге өнер сайыстарына қатысып, өз шығармашылығымен тыңдармандардың жүрегіне жол тапқан.
Тірлікте дүние жисам тырбаңдаумен,
Замандас жүрегінен сыр аңдар ма ем?
Жалғанда бір армансыз болса менмін,
Зуылдап қатар ұшқан қырандармен, - деп жырлаған еді ақын өз өлеңдерінің бірінде.
