Жанармай бағасының алуандығы министрді ақталуға мәжбүрледі

156
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vac1A5MttiMqUiwWuxqqQdxTNWP48g1Fdflo6VrA.webp

Қазақстанда бензин мен дизель отыны бағасының күрт қымбаттауына ешқандай негіз жоқ, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтты.

Министрдің айтуынша, 2024 жылғы ақпаннан бері елімізде жанар-жағармайдың көтерме және бөлшек саудадағы бағасы мемлекеттік реттеуден шығарылған. Қазір баға ішкі сұраныс пен ұсынысқа, сондай-ақ нарықтағы бәсекелестікке байланысты қалыптасады.

Ведомство басшысының дерегінше, қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің литрі 253-271 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал дизель отынының бағасы 356-367 теңге шамасында.

Ерлан Ақкенженов жанармай құю бекеттеріндегі баға айырмашылығы олардың өнімді өткізуге жұмсайтын шығындарына байланысты екенін түсіндірді.

Сонымен қатар министр елдегі жанар-жағармай қоры жеткілікті екенін атап өтті. Қазіргі уақытта бензин мен дизель отынының әрқайсысынан 400 мың тоннадан астам қор жинақталған. Мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп, өнімді өңірлерге жеткізу қалыпты тәртіппен жүзеге асырылып жатыр.

Министрдің сөзінше, жанармай бағасының күрт өсуі байқалған жағдайда мемлекет нарықты тұрақтандыру үшін қажетті шараларды қабылдайды.

Comments