"Ыңғайлы орын". АҚШ өкілі Ватикан Украина келіссөзіне делдал болмайтынын айтты

1329
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/nc6vnw0_vezidw9jkoec1wrop_gp1hhffluwl5bo9khu90srta9q7ducpl5ltkfqxwawo56pgeptnob91tl2bigx-960x500.jpg?token=2d8fdbe14f4b98af91efd95051ca7d43

Ватикан Украинадағы бейбіт келіссөздерге делдал болмайды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Римде Италия епископтары конференциясының төрағасы кардинал Маттео Дзуппимен кездесуден бұрын журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ТАСС-қа сілтеме жасап.

Әңгіме мәтінін АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған.

АҚШ-тың сыртқы саяси ведомство басшысынан Ватикан Украинадағы қақтығысты реттеуде делдал бола ала ма деп сұрағанда, Рубио:

«Мен оны делдал деп атамас едім, бірақ бұл — екі тарапқа да баруға ыңғайлы орын. Сол себепті біз Ватиканның тек бейбітшілікті орнатуда ғана емес, тұтқындар алмасу бағытындағы көпжылдық күш-жігеріне ризашылығымызды білдіреміз», – деді.

Сондай-ақ ол былай деп қосты:

«Кейбір елдер мұндай ұсыныс білдіріп те жатыр, алайда бұл — біз әлі де талқылайтын мәселе. Біз келіссөздердің қазіргі мәртебесі, кеше (16 мамыр) Стамбулда өткен Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерден кейінгі жағдайлар туралы, әрі қарай не істеу керектігі жайлы сөйлесетін боламыз».

АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Тэмми Брюстің жазбаша мәлімдемесіне сәйкес, Рубио Ватиканның мемлекеттік хатшысы кардинал Пьетро Паролинмен және мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшы архиепископ Пол Ричард Галлахермен де кездескен. Кездесу барысында Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мәселелері талқыланған.

Comments