Қазақстан прокуратурасы Айдос Садықовтың қазасына күдіктілерді тергеуден бас тартты

1209
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/06/1d7e8e8e-0b76-4790-82e6-f388d74e4ff1-960x500.jpeg?token=9b23426baaba49643284d66b91e1aa07

Қазақстан прокуратурасы журналист Айдос Садықовтың қазасына қатысы бар делінген күдіктіні босата салған. Бұл туралы марқұмның жұбайы Наталья Садықова хабарлады, деп жазады Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы.

Садықованың айтуынша, Украина Бас прокуратурасы Қазақстан тарапынан ресми жауап алған. Онда Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевқа қатысты тергеу амалдарын, соның ішінде жауап алуды жүргізуден «дәлелдердің жеткіліксіздігіне» байланысты бас тартылғаны көрсетілген.

Алайда Наталья Садықова керісінше, Украинада (журналистке қастандық Киевте жасалған — ред.) Жақанбаев пен Қаратаевтың Садықовты өлтіргенін дәлелдейтін материалдар өте көп екенін алға тартады. Оның айтуынша, бұл дәлелдер Қазақстан жағына да берілген.

Садықова сонымен қатар Жақанбаевты соттың ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқанын, ал Қаратаевты мүлде іздемегенін айтты. Ол бұл жағдайды «Қазақ билігі қылмыскерлерді жасырып отыр» деп бағалады.

Айдос Садықов – миллиондаған аудиториясы бар «Бәсе» YouTube арнасының авторы. Ол

2014 жылдан бастап отбасымен бірге Украинада тұрған. Қазақстанда оған әлеуметтік, ұлттық немесе діни араздық қоздырды деген айыппен іздеу жарияланған болатын.

Оған 2024 жылғы 18 маусымда Киевтің Шевченко ауданында белгісіз адам оқ атқан. Садықовқа операция жасалғанымен, екі аптадан соң ауруханада қайтыс болды.

19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қылмысты тергеуге көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Артынша Украина полициясы күдіктілерді анықтады — олар Қазақстан азаматтары Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев болып шықты. Қылмыстан кейін олар Украинадан шығып кеткен.

22 маусымда Қазақстан Бас прокуратурасы Жақанбаевтың ұсталғанын, оның өз еркімен ішкі істер бөліміне барғанын хабарлады. Ал Мейрам Қаратаев әлі күнге дейін іздеуде.

Белгілі болғандай, Мейрам Қаратаев бұған дейін полицияда қызмет еткен. «Республика» интернет-басылымы екінші күдікті Жақанбаевтың да Қазақстанның күш құрылымдарымен байланысы болғанын анықтаған.

Comments