Жарты ғасырлық тыйым. «Отандастардың» басшысы Ресейге бара алмайды

1352
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/3453834cecbc42ed6a08e3ea5ecdf7bb-960x500.jpeg?token=a8417cbedf3e4c31c31ae9b459f5ffc5

Саясаттанушы Марат Шибұтов Telegram-арнасында «Отандастар» қорының басқарушы директорына Ресей Федерациясына 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғанын жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Шектеу 2023 жылы енгізілгенімен бұл ақпарат көпшілікке алғаш рет жария етіліп отыр.

Марат Шибұтовтың мәліметінше, қор — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты еншілес ұйым, яғни мемлекеттік құрылым. Ол шетелдегі, әсіресе Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор секілді шекаралас аймақтарындағы этникалық қазақтарды қолдаумен айналысады. Қор қызметкерлері гуманитарлық көмек көрсетіп, қазақ әдебиетін таратады, тілді оқытуға және мәдени байланыстарды нығайтуға атсалысып келеді.

Алайда қазір қор жетекшілігінің Ресейге баруына тыйым салынуы – бұл жұмысқа үлкен кедергі келтіріп отыр. «Бұдан былай Ресейдегі қандастарға кім барады? Тілді, мәдени жобаларды кім жалғастырады?» – деп алаңдаушылық білдірді саясаттанушы.

Сонымен қатар, Шибұтов Сыртқы істер министрлігінің үнсіздігін сынап, қордың директорлар кеңесінің төрағасы, вице-министр Роман Василенкоға және министр Мұрат Нұртілеуге бұл мәселе бойынша ресейлік тараппен сөйлесті ме деген сауал қойды.

Мамандардың пікірінше, мұндай тыйым – Қазақстанның Ресейдегі гуманитарлық және мәдени саясатына ықпал етуі мүмкін маңызды дипломатиялық оқиға.

Comments