Польша президенті сайлауының екінші кезеңінде оппозициядағы консервативтік «Құқық пен әділет» (PiS) партиясының кандидаты Кароль Навроцкий жеңіске жетті. Бұл туралы елдің сайлау комиссиясы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Навроцкий 50,89 пайыз (10 606 628 дауыс), ал оның қарсыласы Варшава мэрі Рафал Тшасковский 49,11 пайыз (10 237 177 дауыс) жинады.
Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, 1 маусымда Польша президентін сайлауға дауыс берудің екінші кезеңіне елде тіркелген сайлаушылардың 71,6% қатысқан. Бұған дейін Варшава уақытымен сағат 01:00–дегі жағдай бойынша экзит-полл Варшава мэрі, либерал Рафал Тшасковский ұлтшыл Кароль Навроцкийден сәл алда екенін көрсеткен еді.
Айта кетейік, 42 жастағы Кароль Навроцкий — саясатқа жаңадан келген тұлға. Бұған дейін ол елде жүрген шамамен бір миллион украиналық босқынды «Польшаның есебінен пайда көріп жатыр» деп айыптаған болатын.