Алматыда Сәтпаев көшесіндегі құрылыс алаңында мұнаралы кран құлап, бір жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, төтенше жағдай 3 маусым күні сағат 16:00 шамасында болған.
Құрылыс жұмыстары барысында мұнаралы кран аударылып кеткен.
«Оқиға салдарынан кран операторы қаза тапты. Аталған факт бойынша Бостандық ауданы Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда өзге де мән-жайлар анықталуда», – деп мәлімдеді ведомство.
Қаза тапқан ер адам 61 жаста болған. Ол краншы болып 15 жыл жұмыс істеген. Артында жары мен екі баласы қалды. Қазір қаза тапқан краншының туыстары оқиғаның қалай болғанын анықтауға тырысып жатыр. Олардың айтуынша, құрылыс басшылығы туыстарымен байланысқа шықпаған.
«Кеше кешкі сағат 18:30-да Бостандық ауданының полициясынан қоңырау шалып, көкемнің құрылыс алаңында қаза тапқанын айтты. Кран құлаған. Бірақ кран қалай құлады, не болды – ешкім айтпай отыр. Біз бүгін сол құрылыс алаңына бардық, бірақ ішке кіргізбеді. Басқарушы директорға қоңырау шалдық – ол да ештеңе айтпады. Ұйым басшылығы байланысқа шықпай жатыр. Бәрі жасырын. Біз тергеудің ашық жүргізілуін талап етеміз», – дейді марқұмның туысы.
Оның айтуынша марқұмның мәйіті әлі туыстарына берілмеген. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы мөрленген.