Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты Парламент Мәжілісінің қарауына рақымшылық жасау туралы заң жобасы келіп түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл бастама депутаттардың ұсынысымен, гуманизм қағидасы негізінде және қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында әзірленген.
Заң жобасы бойынша, мемлекет пен қоғам қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған азаматтарға рақымшылық жасалады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашеваның айтуынша, құжатта әлеуметтік осал топ өкілдерін, соның ішінде кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, баласы бар аналарды, зейнеткерлер мен мүгедектерді босату ұсынылған.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, жалпы 4,1 мың адам толық босатылады. Оның ішінде 632 адам – қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен, 3,5 мың адам – пробация қызметінің тізімінен босатылады. Бұдан бөлек, жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту 11 мың адамға қолданылады. Олардың қатарында бас бостандығынан айыру орындарында отырған 5,4 мың адам мен пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адам бар.
Депутаттың сөзінше, 833 әйелге қатысты рақымшылық жасалады. Соның ішінде 109 әйел толық босатылып, 724 әйелдің жазаны өтеу мерзімі қысқартылады.