2025 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,5% деңгейінде, +/- 1 п.т. дәлізімен сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім нақты деректер мен жаңартылған болжамдарды, сондай-ақ инфляция тәуекелдерінің балансын ескере отырып қабылданды.
Экономист Мақсат Халық бұл шешімге қатысты ойымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда базалық мөлшерлемені сақтау – инфляцияны бақылауда ұстаудың маңызды тетігі.
«Нарықтағы артық ақшаны сол нарықтан алудың бір жолы – базалық пайыздық мөлшерлемені көтеру немесе жоғары деңгейде сақтау. Ұлттық банк дәл осы құрал арқылы инфляцияны ауыздықтауға әрекет етіп отыр», – дейді сарапшы.Экономистің айтуынша, мөлшерлеменің жоғары болуы банктердегі салымдардың табыстылығын арттырады. Бұл халық пен бизнес үшін теңгеде жинақ сақтауға ынталандыру туғызып, экономикадағы артық өтімділікті азайтады. Ал артық ақша массасының қысқаруы инфляциялық қысымды төмендетуге көмектеседі. Сарапшы сонымен қатар мұнай бағасының төмендеуі мен теңгеге сыртқы қысым күшейген жағдайда базалық мөлшерлемені сақтау – ұлттық валютаның тұрақтылығын қолдаудың да бір жолы екенін атап өтті.
«Мұнай бағасы төмендеп, экспорт азайған кезде төлем балансының тапшылығы артады. Бұл теңгеге қысым жасайды. Осындай жағдайда жоғары пайыздық мөлшерлеме теңге активтерінің тартымдылығын сақтап, девальвациялық қысымды бәсеңдетеді», – дейді Мақсат Халық.Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Баға өсімінің негізгі себебі – реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына байланысты сервистік инфляция. Азық-түлік тауарлары бойынша да баға өсімі жеделдеді. Айлық инфляция мамырда 0,9%-ға жетіп, тарихи орташа деңгейден асып түсті. Ал базалық және маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция тиісінше 10,1% және 11,4% болды. Мақсат Халықтың пікірінше, бұл деректер ішкі сұраныстың артуы, өндіріс шығындарының өсуі мен фискалдық ынталандырудың әсері инфляциялық қысымды күшейтіп отырғанын көрсетеді. Мамырда халықтың инфляциялық күтулері де жоғарылады – сәуірдегі 12,2%-дан 14,1%-ға дейін өсті. Бұл нарықта инфляцияға қатысты белгісіздік пен құбылмалылық әлі де бар екенін аңғартады.
«Сондықтан дәл қазір мөлшерлемені төмендету ерте болар еді», – дейді сарапшы.Осылайша, Ұлттық банктің мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешімі – халықты теңгелік активтер жинақтауға ынталандыратын және инфляциямен күресте маңызды рөл атқаратын прагматикалық қадам деуге болады.