Қарағанды облысында әйел адам азаматтық некедегі күйеуімен бірге 15 жастағы қызын 38 жастағы еркекке тұрмысқа берген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «7-арнаға» сілтеме жасап.
Оқиға Абай қаласында наурыз айының ортасында болған. Жасөспірім неке қиылғаннан кейін бес күн өткен соң өз әкесіне қашып барған. Қыздың туған әкесі бірден полицияға арыз түсіріп, істі құқық қорғау органдарына тапсырған.
15 жастағы жасөспірімге қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілінген 38 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда қыз баланың әкесі бұрынғы жұбайын ата-ана құқығынан айыруды талап етіп отыр.
«Балаларымды қолыма алғым келеді. Ұлым кәмелет жасқа толмаған, қызым да кәмелетке толмаған, тағы бір кенже қызым бар. Мен олардың бұл отбасында тұрып, өміріне қауіп төнгенін қаламаймын. Бұл өте қорқынышты жағдай. Менің кенже қызым бар. Олар оған да «Сені де кейін күйеуге береміз»деген»,— дейді қыздың әкесі.
Айта кетейік, қазір істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.