Өзбек ректоры Мәскеудің мигранттарға қарсы рейдін «нацизм» деп атады

449
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/7680ad33-c238-405e-a0c8-ab7242fe5d78-960x500.jpeg?token=a45bc329890a8e4f11515d8158bdf3c1

Өзбекстанның Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Қудратходжа Мәскеу ОМОН-ының мигранттар тұратын жатақханада жүргізген қатаң рейдіне пікір білдіріп, күштік құрылымдардың әрекетін «жай ғана нацизм» деп атады. Өз ойын ол Facebook желісінде жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Қудратходжа интернетте Орталық Азиядан келгендерге құжат тексеру сылтауымен адам төзгісіз қорлау мен кемсітулер көрсетіліп жатқан видеолар жиілеп кеткенін айтып қынжылды. Ректордың айтуынша, мигранттар жиі «маймыл», «чурка», «қой» деген сөздерді естіп жатады.

«Қараңызшы, олар адамды қандай өшпенділікпен сабап жатыр? Олар қылмыскер немесе рецидивист емес қой… Бұлар — қарапайым жұмысшылар мен студенттер. Бірі «қаздай тізіліп тұр!» деп айқайлайды, екіншісі еш аяусыз тепкілеп жатыр, тағы бірі жігітімізге тізерлеп, еңкейіп жорғала деп бұйырады», — дейді Қудратходжа ресейлік күштік құрылымдардың әрекеті жайлы.

Осы жағдайға байланысты ректор отандастарына Ресейге жұмысқа бармауға шақырды, өйткені ол жақта «соққыға жығу, қорлау мен балағаттау» қалыпты жағдайға айналған.

«Менің бұл сөздерім тек өзбектерге емес, сонымен қатар қазақ, қырғыз, тәжік бауырларымызға да қатысты. Ресей күштік құрылымдарының мұндай жабайы әрекеттері — жаңалық емес. Өкінішке қарай, бұл жағдай әлі де жалғаса беретін түрі бар», — дейді қоғам қайраткері.

Қудратходжа атап өткендей, Өзбекстанда жылына шамамен бір миллион адам дүниеге келеді, ал барлығын жұмысқа орналастыру қиын. Дегенмен ел үкіметі еңбек нарығын әртараптандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ол отандастарына Германия, БАӘ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерге барып жұмыс істеу үшін шет тілдерін үйреніп, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге кеңес береді. Бұл елдерде жалақы да жоғары, адамға деген көзқарас та адамгершілікке сай.

Сондай-ақ Қудратходжа Ресей билігін өз азаматтарына мұндай қарым-қатынас жасамауға шақырды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзбектер ресейлік жетімдерді асырап, паналатқанын, сондай-ақ кейінгі жылдары ресейлік релоканттарды жылы қабылдағанын еске салды.

«Ресей тарапы келіссөздерде де, медиада да өзара достық пен стратегиялық серіктестік жайлы жиі айтады. Біз де барлық бағытта ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бірақ мәселенің түп-төркіні бізден емес», — деп жазды ректор.

Қудратходжа жуырда РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Самарқандағы «Қайғылы ана» ескерткішінде орыс тіліндегі жазудың болмауына қатысты сынын да еске салды.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сергей Викторович пен Ресей СІМ ұжымына дипломатиялық ықпал ету тетіктерін ІІМ мен Көші-қон қызметіне қатысты қолдануды өтінер едім. Өйткені олар мұндай әрекеттерімен өздеріне зиян келтіріп отыр. Осылайша олар орыс тілінің дамуы мен таралуына да кедергі жасап жатыр», — деді Қудратходжа.

Сонымен қатар бұл оқиғаға Өзбекстан Олий Мәжлисі (Парламент) Заң шығару палатасының депутаты Алишер Қадыров та пікір білдіріп, жағдайдан шығудың жалғыз жолы — адамға өзін-өзі құрметтеуді балабақшадан бастап үйрету және жұмысшылардың кәсіби деңгейін көтеру екенін айтты.

«Тәрбиелеу мен білім беруден басқа жол жоқ», — деді депутат.

Айта кетсек, 8 маусым күні Мәскеуде күштік құрылымдар мигранттар тұратын жатақханада қатаң рейд өткізген. Соның нәтижесінде миграциялық режимді бұзған 5–6 адам ұсталған. Олардың арасында екі тәжік азаматы бар, кейін олар елден депортацияланған.

Кейін Өзбекстан үкіметі жанындағы Миграция агенттігі осы оқиғаға байланысты алаңдаушылық білдіріп, құқықтары бұзылған немесе осыған ұқсас жағдайға тап болған азаматтарға Ресейдегі өкілдікке дереу хабарласуға шақырды.

Comments