Қазақстан Қарашығанақта газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салу жобасын уақытша тоқтатты. Бұған италиялық Eni және британдық Shell жетекшілік ететін инвесторлар консорциумымен арадағы келіспеушілік себеп болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Fergana агенттігіне сілтеп.
Bloomberg агенттігінің деректеріне сәйкес, тараптар құрылыстың негізгі шарттарына, әсіресе оның құнына қатысты ортақ келісімге келе алмаған. Осыған байланысты Қазақстан зауытты өз күштерімен салу мүмкіндігін қарастыруда.
Айта кетсек, Батыс Қазақстанда орналасқан Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны — әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Аумағы 280 шаршы шақырымнан асады. Оны 1997 жылы 40 жылға жасалған Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) аясында халықаралық консорциум игеріп жатыр.
- Shell және Eni — әрқайсысы 29,25%
- Chevron — 18%
- ЛУКОЙЛ — 13,5%
- ҚазМұнайГаз — 10%
Биыл мұнда 11,14 млн тонна мұнай және 25,57 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Бірақ кен орнында газ өңдеу қуаттары жоқ. Сондықтан өндірілген газдың үштен бірі Ресейдің Орынбордағы ГӨЗ-на жөнелтіледі. Бұл үшін "Газпром" мен "ҚазМұнайГаздың" бірлескен кәсіпорны — "ҚазРосГаз" құрылған.
КСРО кезінде салынған Орынбор зауыты жиі жөндеуге жабылады. Бұған қоса, Ресейге қарсы санкциялар мен ЕО-ның сұйытылған газ импортына эмбаргосы жағдайды қиындата түсті. 2024 жылдың басынан бастап, "ҚазРосГаз" Еуроодаққа экспортты тоқтатты. Орынборда Қазақстан газынан сұйытылған мұнай газы өндірілмей қалды. Осы себепті Қазақстан газ экспорты мен табыстан айырылып отыр.
Reuters дерегінше, биыл Орынбордан 180 мың тонна сұйытылған мұнай газы экспортталған, оның ішінде:
- Ауғанстан — 112 мың т
- Польша — 53 мың т
- Беларусь пен Латвия — 7 мың т
Бұл жағдай Қазақстанды газ өңдеу зауытын өзінде салуға итермеледі.
2022 жылы елдегі қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда энергетикалық дағдарыс барын айтты. Дизель, авиакеросин, сұйытылған мұнай газы және электр тапшылығы орын алды. QazaqGaz компаниясы жаңа өндіріс орындарын газға қосуды уақытша тоқтатқан.
Сол жылы Қарашығанақта ГӨЗ салу жоспары жарияланды. Жылына 4 млрд текше метр газ және 600 мың тонна сұйытылған мұнай газын өңдейтін зауыт салу көзделді. Жобаның құны — $3–3,5 млрд. Іске қосу мерзімі — 2028 жыл.
Алайда, соңғы мәліметтерге қарағанда, консорциум Қазақстаннан $1 млрд шығынды өтеуді сұраған және іске асыру мерзімін 2030 жылға шегеруді ұсынған. Сонымен қатар, инвесторлар зауыт құрылысын арбитраждық дауды реттеу мәселесімен байланыстырғысы келген.
Бұл ұсыныстар Қазақстан тарапына ұнамай, жоба "ҚазМұнайГазға" берілуі мүмкін деген шешім талқылануда.
29 мамырда Нұрлан Жұмағұлов (Қазақстанның мұнайсервис компаниялар одағының атқарушы директоры) өзінің Telegram-арнасында:
«Инвесторлар кетсе де, ГӨЗ қалады. Ол келер ұрпаққа қызмет етеді, Қарашығанақта газ жеткілікті», — деп жазды.
Әзірге Қазақстан билігі де, инвесторлар да ресми түсініктеме берген жоқ. Бірақ Upstream басылымының хабарлауынша, Қазақстан билігі Eni мен Shell компанияларына барлық жұмыстарды тоқтатып, бірлескен жұмыс тобын тарату туралы талап қойған. Жобаның болашағы туралы шешім маусым айының соңына дейін қабылданады деп күтілуде.