Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы қыздың қазасынан кейін «өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Марқұмның қайтыс болғаны туралы ақпарат бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде жарияланған.
19 жастағы Мәдина Рашидқызы Меркі ауданында жұбайымен бірге тұрған. Жұма мен сенбіге қараған түні ол асылып қалған күйде табылған. Марқұм Өзбекстан азаматы, ал күйеуі Қазақстан азаматы болған. Жазба авторының айтуынша, әйелдің сегіз айлық сәбиі қалған. Қайғылы оқиғаға дейін ол құрбысына күйеуімен болған жанжал туралы айтып берген. Ұрыс балаға сатып алынған тәттіні әйелдің өзі жеп қойғаннан кейін басталған.
Құрбысының айтуынша, Мәдина бұған дейін өз туыстарынан да, күйеуінің туыстарынан да көмек сұраған, алайда соған қарамастан жұбайымен бірге тұруын жалғастырған.
Полиция аталған өлім фактісі бойынша «өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша тергеу басталғанын растады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ведомство әзірге басқа мәліметтерді жариялаған жоқ.
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза қала – дені сау қоғам» акциясы өткізілді
