"Ұлттық құрылтай" деп өтірікті айтып, ұры Назарбаевтың салып кеткен жолын жалғастырып жатыр - Балташ Тұрсымбай

11777
Adyrna.kz Telegram

"Ұлттық құрылтайда нендей шешім қабылдайды? Егер халықты жинамаса, халықтың мұңын тыңдамаса, халықтың ұсынысын елемейтін болса, онда қандай жалпыұлттық құрылтай? Ол жалпыұлттық құрылтай емес халықты алдап, тағы да бастан сипап қою". Бұл пікірді белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбай Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

"Көптеген азаматтардың пікірін елейміз, нақты қазақ ұлтының болашағын ойлаймыз деп Тоқаев мырза Ұлттық құрылтайды өткізу туралы алдына мақсат қоятын болса, онда Астанада өткізуі керек еді. Нұр-Сұлтан деп айтуға аузым бармайды. Бірде-бір рет айтып көрген жоқпын. Астана – қазақтың астанасы емес пе,  жүгіріп барып Ұлытауда өткізіп не бар?! Ал енді Ұлытауда хандарды ұлықтағысы келсе, басқа уақытта жеке барып, ұлықтауына болады", - дейді саясаткер. 

Балташ Тұрсымбайдың айтуынша, Тоқаев Ұлттық құрылтайға алдын-ала арнайы дайындықпен келіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, елдік мәселеге бей-жай қарамайтын еліміздің кез-келген азаматының Ұлттық құрылтайға қатысуына жол ашуы керек еді.

"Астанада халықтың салығынан жиналған ақшаға салынған зәулім сарайлардың жеткіліктілігін біз білеміз. Сол ғимараттарға 2000-3000 адам сыяды. Есік барлығына ашық болуы керек. Ертерек жариялау керек. Тоқаев мырза халықтың пікірін ескеруі керек. Президенттің жанында жүрген анау шенеуніктердің бәрі халықтың мұңын тыңдауы керек. Ұсыныстарының барлығын қабылдауы керек. Содан кейін 10 күн өте ме, 15 күн өте ме халыққа қабылданған шешімді жариялауы керек. Мінекей, біз жалпыұлттық құрылтайды өткіздік. Енді жалпыұлттық құрылтайды өткізгеннен кейін халықтың ұсынысына байланысты осындай осындай шешім қабылданды деуі керек. Әйтпесе, Ұлытауға тығылып барып, жалпыұлттық құрылтай деп атаудың не керегі бар?", - дейді қоғам қайраткері. 

Саясаткердің сараптауынша, 16-сы күні өтетін Ұлттық құрылтайға халықтың орнына кілең министрлер, депутаттар, әкімдер, т.б. мемлекетке жақын адамдарды жинағаннан ешқандай нәтиже шықпайды.

"Қазір енді 16-сында көреміз. Көп қалған жоқ қой. Бүгін 15-сі, сосын 16-сы. Енді жинайтындары бір әлгі «туфли жалағыш» жағымпаз адамдар шығар. Соларды жинап алады да, бір 2-3-еуін сөйлетеді. Кім қатысады онда? Министрлер, депутаттар, содан кейін қатысатындар анау әкімдер. Ондай жиналысты күнде өткізіп жүрген жоқ па? Селекторный жиналыс дейді т.б. Ал енді ол үшін Ұлытауға шатыр тігіп, ақша шығарып, оны желге шашып ұйымдастыратын немене Ұлттық құрылтай ол? Сондықтан бұның барлығы ескіден қалған. "Ұлттық құрылтай" деп өтірікті айтып, халықты тонап, қаңғыртып кеткен ұры Назарбаевтың салып кеткен жолын жалғастырып жатыр. Неге десең, Ұлытауда зәулім сарай жоқ, Ұлытауда бір сондай асып кеткен үңгірлер жоқ. Қазір ақ шатыр тігіп, шешім қабылдайды. Ұлттық құрылтайда нендей шешім қабылдайды? Егер халықты жинамаса, халықтың мұңын тыңдамаса, халықтың ұсынысын елемейтін болса, онда қандай жалпыұлттық құрылтай? Ол жалпыұлттық құрылтай емес халықты алдап, тағы да бастан сипап қою!",- дейді Балташ Тұрсымбай.

Балташ Тұрсымбайдың айтуынша, кешегі "Қаңтар" Назарбаевтың тобырының мойнында.

"Бірақ, Тоқаев мырза да, жанындағы шенеуніктер де! Депутаты бар, министрі бар, әкімі бар! Халықты өмір бақи алдаймыз деп ойламасын. Алдай алмайды! Мінекей, 30 жыл халықты алдап, ұрлап, осындай күйзеліс жағдайға жеткізген Назарбаев «Қаңтардың» не екенін көрді. Қаңтарда халық шықты. Бірақ сол халықты ұрып, атқызды, 230 адам о дүниеге кетті. Соның бәрінің кінәсі – анау Назарбаевтың тобырының мойнында. Оның зардабын олар шегеді, оның қанын жүктеп көп жүре алмайды. Сондықтан халықтың алдында жауап береді! Ал енді нақты құрылтай деп өткізіп келешекті талқылайтын болса, не істеуіміз керек деп талқылайтын болса, онда әр облыстың жанашыр өкілдерін, ұлт жанашырларын жинасын! Тыңдасын, содан кейін шешім қабылдасын! Сонда құрылтай деуге болады. Ал бұл жәй жиналыс қой. Еріккендердің әңгімесі", - деп қорытындылады сөзін саясаткер. 

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер