Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер алаңына айналуға дайын. Бұл туралы RTVI арнасына берген сұхбатында Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Айдос Сарым мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Барлық делдалдық пен модерацияға қатысты айтар болсам, егер мүмкіндік пен қажеттілік туындаса, Қазақстан делдал ретінде шығып, қандай да бір мәселені реттеуге көмектесуге дайын. Бұл Ресей мен Украина қақтығысына да қатысты болуы мүмкін. Мен жалпы процесті айтып тұрған жоқпын, бірақ жекелеген кейстерді шешу тұрғысында неге болмасқа. Өйткені келіссөздер әдетте әртүрлі деңгейдегі мәселелер қаралатын әртүрлі алаңдарда өтеді. Әрине, мұның бәрі тек тараптар келісуге ниет білдіргенде ғана мүмкін болады», - деді депутат.
Сарымның айтуынша, ол мұндай мүмкіндікке өзі де қалайды.
«Бұл Қазақстан үшін нағыз топ оқиға болар еді. Қан төгісті тоқтату… Сонымен бірге бұл президенттің дипломатиялық мансабындағы үлкен белес болар еді. Дегенмен бейбітшілікке жету процесі ондаған жылдарға созылуы ықтимал», — деді ол.
Журналист сұрағына жауап бере отырып, Қазақстанда келіссөздер өткізуге алғышарттар бар ма дегенде, Сарым:
«Біз Трамптан белгі көрдік. Ол жақын уақытта біздің аймаққа келмекші. Ал Қазақстан адал делдал, адал брокер болғандықтан, неге болмасқа?» — деді.
«Тағы бір маңызды жайт: Қазақстан Ресей президенті Владимир Путин үшін де, Трамп үшін де қолайлы ел. Біз олардың қауіпсіздігін де, басқа қажеттіліктерін де толық қамтамасыз ете аламыз», — деп түйіндеді Айдос Сарым.
Еске салайық, қаңтардың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Украинадағы жағдайды Дональд Трамппен телефон арқылы талқылағанын айтқан. Ол Астананың Украина бойынша келіссөздердің басталуын қолдайтынын, бірақ делдалдыққа ұмтылмай, Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндігіне сай әрекет ететінін атап өткен. Сондай-ақ Тоқаев республика «әрқашан халықаралық мәселелерді шешуге көмектесуге дайын» екенін жеткізген.