Алматыда бір топ адам 18 жастағы жігітті соққыға жыққан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оқиға 12 қазанға қараған түні Төле би көшесіндегі дәмхананың алдында болған. Бұл туралы зардап шеккен баланың анасы әлеуметтік желіде жазды.
Айтуынша, ұлын шамамен 15-20 ер адам ұрып кеткен. Жәбірленуші қазір ауруханада жатыр. Күдіктілер есінен танып қалған баланың басынан да тепкен.
Қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана зиян келтіру») бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Жедел іс-шаралардың нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық адам анықталып, ұсталды. Тергеу барысында олардың кінәсі мен оқиғаның мән-жайы анықталады. Барлық кінәлі тұлға заңға сәйкес жауапқа тартылады, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Іс Алматы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.