Әз Жәнібек хан ғылым мен ғалымдарды қолдаған

937
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TQoyjROPZJwmOx3LcMpF6JN3egCU6jcD9J353RpS.jpg

Бұл отандық тарих ғылымы мен орта ғасырлардағы мәдениет  тарихы үшін айтулы оқиға. Шығыстанушы ғалымдар тапқан, Әз Жәнібек ханға арнап жазылған екі қолжазбаны баға жетпес тарихи қазына, үлкен олжа деуге лайық. Осы уақытқа дейін Алтынорда мен Қазақ хандығы дәуірлері тек соғыс пен жаугершілік заманы деп біржақты қабылданып келді, алайда Жошы ұлысы кезінде ғылым мен білімге айрықша көңіл бөлінген дейді ғалымдар.       

Бүгін Орталық мемлекеттік архивте «Жошы ұлысының тарихи мұрасы»  атты Әз Жәнібек ханға арналған екі қолжазбаның факсимильді басылымының тұсаукесері өтті. Ғылыми іс-шарада Жошы ұлысының даңқты билеушісі Әз Жәнібек ханға арнап жазылған «Астрономияға қысқаша шолудың негізгі түйіндері» (Тұрар әл-мулаххас фил-һәйә, 1335 жыл) және «Қағанға тарту: қырық хадистің түсіндірмесі» (Тухфәту әл-Хақан фи шарх әл-арба’ин хадисән, 1350/51 жыл) атты екі қолжазба еңбектің факсимильді басылымдары таныстырылды (факсимиле – түпнұсқаның дәл көшірмесі).

Жошы ұлысы – Қазақ мемлекеттілігінің маңызды бір белесі. Әйтсе де  осы кезеңнен бүгінге дейін жеткен тарихи-мәдени мұра тым аз. Сонымен қатар, Ұлық ұлыс хан-сұлтандарының құрметіне арналған тарихи шығармалар да санаулы. Соңғы жылдары тарихшы ғалымдар осы бағытта көптеген ізденіс пен зерттеулер жүргізіп, қомақты дүниелерге қол жеткізіп жатыр. Соның айқын дәлелі – Жәнібек ханға арналған екі қолжазба. Бұл құнды қазынаны тарихшы ғалым, PHD Өмірбек Қанай «Архив – 2025» кешенді жоспары аясында Орталық мемлекеттік архивтің үйлестіруімен жүргізілген археографиялық ғылыми іссапар кезінде Түркиядағы Топқапы сарай-музейінен тапты.  

Қолжазбалардың көшірмесін елге әкелуге Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек және осы университетке қарасты Еуразия ғылыми- зерттеу институтының директоры Суат Бейлур жәрдемдесті.

Өмірбек Қанай, тарихшы-шығыстанушы:

– Жошы ұлысының даңқты билеушісі Әз Жәнібек хан өз заманындағы мұсылман ғалымдарын қолдап, жағдай жасап отырған. Мысалы біз тапқан қолжазбаның алғашқы бетінде Әз Жәнібек ханды «жомарттық пен ізгіліктің жаршысы, білім мен ғалымдардың қамқоршысы, құдайдың жердегі көлеңкесі», – деп дәріптейді. «Қағанға тарту: қырық хадистің түсіндірмесі» атты қолжазбаның кіріспесінде Әз Жәнібек ханның өз заманында көптеген мешіт-медресе, ханака, дәріхана, шипахана және кітапхана салдырып, ғұламалар мен ғалымдарға қолдау көрсетіп, ілім мен ғылым-білімнің дамуына жағдай жасағаны баяндалады. Жалпы Әз Жәнібек ханға арнап жазылған қолжазбалардың қоржыныма түскен саны 9-ға жетті. Солардың ішіндегі ең таңдаулы екі қолжазбаның факсимильді басылымы мен түсіндірмесін әзірлеп, баспадан шығарып отырмыз, – деді.  

Әз-Жәнібек ханға арналған қолжазбаның біреуі – Юсуф бин Мүбәрәк әл-Аланидың «Астрономияға қысқаша шолудың негізгі түйіндері» атты түсіндірме еңбегі (1335 жыл). Ол орта ғасырда Хорезмнен шыққан атақты астроном, білгір математик Махмұд әл-Жағминидің заманында кең таралған «әл-Мулаххас фил-һәйә әл-басита» (Астрономияға қысқаша шолу) атты шығармасына түсінік берілген. Бұл қолжазбаны белгілі шығыстанушы ғалым Ықтияр Палтөре қазақ тіліне аударды. Екінші қолжазбаның аудармасы толық аяқталып, баспаға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта зерттеушілерге ұсынылады.  

Өмірбек Қанайдың айтуынша, өзі тапқан тағы бір еңбек медицинаға қатысты. Ол әйгілі Гиппократтың еңбегіне жасалған түсіндірме. Бұл да Әз Жәнібек ханға арнап аударылып, көшірілген. Мұның бәрі Жошы ұлысында ғылым мен білімнің қалай өркен жайғанын аңғартады.

«Бүгін тарихи күн, – деді өз сөзінде көрнекті шығыстанушы Меруерт Әбусейітова. – Орта ғасырлар тарихына қатысты жазба дереккөздердің үлкен көлемінің табылуы отандық ғылым үшін маңызды жаңалық. Бұған дейін біз археографиялық деректердің 3 томын шығардық. Енді бұл құжаттар ғалымдардың зерттеуін күтеді».

Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай тарихшылардың қолында шетелдерден әкелінген құнды архив құжаттары бар екенін, оларды жеке өздері ғана малданбай, архив қорына өткізу, яғни ғылыми айналымға енгізу керектігін айтты. Аталған архивте ғалымдардың жеке қорын ашып, құжаттарды сақтауға мүмкіндік бар.

Таныстырылымда белгілі ғалым Ықтияр Палтөре және Өмірбек Қанай құнды қолжазбалар туралы баяндама жасап, мазмұнымен таныстырды. Санаулы данамен шыққан қолжазбалар Ұлттық кітапханаға және ғылыми мекемелерге берілді. Бұл басылымдар Жошы ұлысын жақынырақ тануымызға септігін тигізеді және тиісті ғылыми зерттеулерге арқау болмақ.  

Пікірлер