"Қолдаудың мемлекеттік жүйесі қалыптасты." Министр еріктілерді құттықтады

120
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/anao8AhA62kSyIAJu0i1k3Z61mSCXn5svooyZgCD.jpg
2025 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева волонтерлерді Халықаралық еріктілер күнімен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна".

Оның құттықтау хаты министрліктің Telegram-каналында жарияланды.

"Құрметті волонтерлер! Құрметті достар! Сіздерді Халықаралық волонтерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазіргі кезде волонтерлік қозғалыс еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сіздер мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына үлес қосып келесіздер.

Кейінгі жылдары Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты, ол әрқашан мемлекеттік саясаттың назарында.

Дәл бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми бастауын алады.

Аталған жылды жариялау туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын мақтан тұтамыз", делінген жазбасында.

Сондай-ақ, ол Қазақстан үшін Халықаралық жыл орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлердің рөліне баса назар аудара отырып "Бірге – тұрақты болашақ үшін!" ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналатынын айтты.

"Мемлекет сіздердің белсенділігіңізді, азаматтық ұстанымыңыз бен жасампаз істеріңізді жоғары бағалайды. Біз волонтерлік бастамаларды одан әрі қолдаймыз және даму үшін мүмкіндіктерді арттырамыз.

Барлық волонтерлерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін.

Сіздерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тілеймін", - деді министр.

Пікірлер