Әсел Жанасова Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін, 10 желтоқсанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсел Жұбанышқызы Жанасова Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, Әсел Жанасова бұған дейін президенттің кеңесшісі болды.
Әсел Жұбанышқызы 1987 жылы Алматыда дүниеге келген. 2010 жылы Кембридж университетін информатика мамандығы бойынша бітірген (бакалавриат), ал 2014 жылы Кембридж университетінде информатика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2016 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде MBA Executive Management бітірді.
Ол 2010-2014 жылдар аралығында ENRC PLC Group ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі бөлімінің басшысы болды. 2014-2015 жылдар аралығында - ҚР Ұлттық Банкі Ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары, 2016-2017 жылдар аралығында «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникация холдингі» АҚ Басқарма төрағасы, 2017-2020 жылдар аралығында «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық технологиялар (CDO) жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды. 2020-2022 жылдар аралығында ҚР Сауда және интеграция вице – министрі лауазымында болды.
2022 жылғы 3 қазаннан 2025 жылдың маусымына дейін «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы және «Қазпошта» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарған еді.