“Көк тудың желбірегені...” Төрт полицей қызметтен кетті

236
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын автокөліктерге ілуге қатысты пікірталас күшейе түсті. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

ІІМ мәліметінше, еліміз бойынша полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 82 дерегін анықтаған. Аталған азаматтар Мемлекеттік туды пайдалана отырып, жол ережелерін қасақана бұзып, көлік қозғалысына кедергі келтірген, сондай-ақ өздерінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Министрлік мұндай жағдайда полиция заңға сәйкес әрекет етуге міндетті екенін атап өтті. Сонымен қатар кейбір азаматтар жауапкершілікке Мемлекеттік туды пайдаланғаны үшін тартылды деген пікір білдіріп жүргенін хабарлады.

"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Азаматтар Мемлекеттік туды пайдаланғаны үшін емес, нақты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Жалған ақпарат таратқаны үшін де заңда жауапкершілік көзделген", — делінген ІІМ хабарламасында.

Сонымен бірге жүргізілген тексеру нәтижесінде Алматы және Шымкент қалаларында жекелеген полиция қызметкерлерінің заңсыз, құқыққа қайшы әрекеттерге барғаны анықталған. Бұл фактілер бойынша нақты шаралар қабылданған.

Атап айтқанда, 8 полиция қызметкері, оның ішінде басшылық құрам өкілдері тәртіптік жауапкершілікке тартылып (сөгіс, қатаң сөгіс), тағы 4 қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылған.

ІІМ заңдылық пен заң алдында бәрінің теңдігі қағидатын қатаң ұстанатынын мәлімдеді. 

"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы — Тәуелсіздік пен егемендіктің қасиетті нышаны. Ішкі істер министрлігі азаматтарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады", — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін мәдениет министрлігі автокөліктерге Мемлекеттік туды ілу мәселесіне қатысты түсініктеме берген еді.

Пікірлер