Оқушысы мектепте балта ала жүгірген. Директор қызметінен кетті

207
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GRR2smNpE3vHuWIr8gfzVNUthX3VHhOmbyuqsfJN.webp

Атырау облысы Құлсары қаласында мектеп оқушысының өзге балаларға балта ала жүгірген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен талқыланғаннан кейін аталған білім ордасының директоры қызметінен босатылды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Министр өңірге арнайы комиссия жіберіп, мектептердегі қауіпсіздік пен тәрбие жұмысының жай-күйін тексермек.

«Басқарма өкілдері болған оқиғаға байланысты аталған мектептің директоры қызметінен босатылғанын хабарлады. Мектепте орын алатын кез келген құқық бұзушылыққа, соның ішінде балалар арасындағы буллинг, төбелес пен әлімжеттікке басқарушылық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да нақты баға берілуі тиіс», – деді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Еске салайық, 5 ақпанда «102» арнасына Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал шығып, оның соңы шабуылға ұласқаны туралы хабар түсті. Оқиға кезінде екі оқушы жеңіл жарақат алған.

Полиция қызметкерлері 10-сынып оқушысын ұстады. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды.

Жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Пікірлер