Маңғыстау облысындағы әскери полигонда өткен жоспарлы атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметкер қаза тапты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Маңғыстау облысы аумағындағы Бейнеу полигонында 17 ақпан күні жоспарлы далалық атыс жаттығулары өткен. Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері мәліметінше, «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты мерзімді әскери қызметкер қарумен жұмыс істеу барысында оқ жарақатын алып, көз жұмған.
Аталған дерек бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталмақ.
Оқиға орнына қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған арнайы комиссия жіберілді. Сонымен қатар бас әскери прокурор мен ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаментінің басшылығы да оқиға орнына барған.
Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процессуалдық прокурор белгіленген. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауына алынған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.
Айта кетейік, 7 қазанда Маңғыстау облысында сарбаз қаза тапқан еді.