Тағы бір ресейліктің Астанадағы шоуы өтпейтін болды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qcW0LQQRcN0jRmR98v5AcVnaMTA0EThMxt4u7mqm.jpg

1 мамырда Астанада Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, мәнерлеп сырғанаудан бапкер Этери Тутберидзенің «Мұздағы чемпиондар» атты мұз шоуы өтуі тиіс еді. Алайда бүгін, 1 сәуірде оның тоқтатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Шоуға Алина Загитова, Евгения Медведева, Александра Трусова және басқа да мәнерлеп сырғанаушылар, соның ішінде Элизабет Тұрсынбаева қатысады деп жоспарланған болатын. Тұрсынбаева — Қазақстан тарихында әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген алғашқы спортшы.

«Mash на спорте» Telegram-арнасының мәліметінше, ұйымдастырушылар «Барыс Арена» кешенімен келісімшартты 2025 жылдың тамыз айында жасаған, ал қазан айында мемлекеттік органдардан мұз шоуын өткізуге ресми рұқсат алған.

«Алайда Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін арена өкілдері ешқандай түсініктеме берместен келісімді бұзды», – делінген хабарламада.

Мәскеудің Украинадағы соғысын қолдайтын әншілер мен өнер адамдарының Қазақстандағы гастроль, кездесу-кештері алдын-ала жоспарланып, өтпей қалуы үйреншікті жайға айналды. Таяуда әнші Полина Гагаринаның 5 сәуірге Астанада жоспарланған концерті де өтпейтін болды

 

Пікірлер