Ресей қазақ мұнайын Германияға тасымалдауды тоқтатпақ па? Министр жауап берді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/273WEZRcFbwlzHVGYOJQiFcsBhVIV7fCoG7tnEUA.webp

22 сәуірде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей арқылы Германияға жеткізелетін мұнай транзитінің тоқтатылуы туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол Ресейдің ресми мәлімдеме жасамағанын мәлімдемеді.

«Бейресми дереккөздер арқылы бұның шындық екенін біліп отырмыз. Мамыр айында Атырау-Самара арқылы әрі қарай «Достық» мұнай құбырымен «Швед» зауытына бағытталатын транзит бізде нөлдік деңгейде. Ресей тарапы, тағы да бейресми ақпаратқа сүйенсек, қазақстандық мұнайды айдауға техникалық мүмкіндіктің жоқ екенін мәлімдеуде. Бұл, сірә, жақында ресейлік инфрақұрылымға жасалған соққылармен байланысты болуы мүмкін. Мен осындай болжам жасап отырмын», — деді Ақкенженов Астанада өткен экологиялық саммит кулуарында.

Министр екінші тоқсанға арналған индикативтік көрсеткіштер де нөлдік көлемді қарастыратынын атап өтті.

«Дегенмен, кей әріптестеріммен сөйлестім. Есімдерін атамай-ақ қояйын. Техникалық мүмкіндік мәселесі шешілген бойда қазақстандық мұнай транзиті қайта жанданады», — деп сендірді ол.

Еске салайық, 21 сәуірде Ресей 1 мамырдан бастап «Достық» құбыры арқылы Қазақстаннан Германияға мұнай экспортын тоқтатуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл туралы Reuters агенттігіне салалық үш дереккөз хабарлаған. Олардың мәліметінше, жеткізілімнің жаңартылған кестесі Қазақстан мен Германияға жолданған.

Қазақстан 2023 жылдан бері Германияға мұнайды «Достық» құбыры арқылы жеткізіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеткізілім көлемі 2,1 млн тоннаны құрады, ал 2026 жылы ол 2,5 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Қазақстан мұнайы «Өзен — Атырау — Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы тасымалданып, кейін «Транснефть» жүйесіне түседі және әрі қарай Германиядағы Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізу үшін «Адамова застава» тапсыру пунктіне бағытталады. Шикізат Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарынан KEBCO брендімен жеткізіледі.

Пікірлер