Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында саясаткер Оразалы Ержановқа қатысты алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Абзал Достияр әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум қарсаңында Ержанов «ақылды бойкот» жариялау бастамасын көтергеннен кейін ұсталған. Белсенді референдумға шығарылған құжатты сынға алып, онымен келіспейтін азаматтарды дауыс беруге қатысудан бас тартуға үндеген. Сондай-ақ, ол азаматтарды Референдум жөніндегі орталық комиссияға өтініш жолдап, оның тіркелгенін растайтын құжаттарды өзіне жіберуге шақырған.
26 ақпанға қараған түні Ержановтың үйінде тінту жүргізіліп, кейін ол 10 тәулікке қамауға алынған. Полиция бұл істің «сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру» фактісі бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жасауға шақырулар және шетелдік байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы азаматтарды жаңылыстыруға бағытталған жарияланымдар анықталған.
Ал Ержановтың жақтастары оның Facebook әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан Конституцияны сынаған және бойкотқа шақырған жазбалардың жойылып кеткенін мәлімдеген еді.
Референдум өткеннен кейін саясаткердің бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол үйқамаққа ауыстырылған. Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр, іс бойынша түпкілікті шешім әлі жарияланған жоқ.
